Мемлекет басшысы Alem.ai battle және AI Governance Cup байқауларының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде сөйледі. Президент елімізде қоғамдық өмірдің барлық саласын қамтыған ауқымды өзгерістер жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
Мемлекет басшысы
Alem.ai battle және AI Governance Cup байқауларының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде сөйледі. Президент өз сөзінде елімізде қоғамдық өмірдің барлық саласын қамтыған ауқымды өзгерістер жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
– Наурызда біз Қазақстанның жаңа Конституциясын қабылдадық. Менің ойымша, бұл ел болашағы үшін өте маңызды, тарихи қадам. Отандастарымыздың, әсіресе жастар өкілдерінің бұл оқиғаның маңыздылығын жақсы түсінетіні қуантады. Азаматтар республикалық референдумда жоғары белсенділік танытып, Негізгі заңды қолдады. Осылайша, халқымыз үлгілі жауапкершілік пен Отанына деген сүйіспеншілігін көрсетті. Жаңа Конституция мәтінінде халқымыздың бірегей болмысы, негізгі құндылықтары мен биік мұраттары көрініс тапты. Бүгін бұл залда білімділік, құзыреттілік және интеллект сияқты қасиеттерді бойына сіңірген жас ұрпақ өкілдері жиналды. Әрқайсыңыздан мен Қазақстанның жарқын болашағын көремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы дәл осы прогрессивті жастар елді жаңа биіктерге шығаратын және бүкіл әлемді жетістіктерімізбен мақтан ететін қозғаушы күш болатынына сенім білдірді.
– Халықтық Конституция – жас отандастарымызға бағдар. Елдің негізгі заңы – Әділетті Қазақстанның мызғымас іргетасы. «Заң және Тәртіп» қағидасы мемлекеттің тірегі және ұлттық сананың негізі болды. «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы азаматтардың туған жер тағдырына қатыстылық сезімін және қоршаған ортаны сақтауға жауапкершілігін нығайтты. Еріктілер санының артуы шабыттандырады – қоғамға қызмет ету олар үшін жай міндет емес, жүректің қалауы мен биік парызға айналған. Біздің іргелі құндылықтарымыз Халықтық Конституцияның Кіріспесінде тұжырымдалған. Мемлекеттің ең жоғары құндылығы – халық. Сондықтан адами капиталды дамыту конституциялық міндет ретінде белгіленді. Негізгі құжатта Қазақстан мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде ғылымды, білім мен инновацияны дамытуды танитыны тікелей айтылған, – деп атап өтті Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде әлем бұрын-соңды болмаған жылдамдықпен өзгеріп жатқанын айтады. Оның пікірінше, жаһандық тұрақсыздық жағдайында прогрестің шетінде қалмау үшін мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін нығайту, сондай-ақ оның өсуі мен гүлденуін қамтамасыз ету өте маңызды.
– Біз бұл бағытта бірқатар батыл қадамдар жасадық. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды. Жаңа технологияларды енгізу үшін заңнамалық база әзірленіп, Цифрлық кодекс қабылданды. «Жасанды интеллект туралы» Заң күшіне енді. Жақын арада елдің цифрлық даму векторын айқындайтын Digital Qazaqstan стратегиясы бекітіледі. Өздеріңіз білетіндей, биылғы жыл Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланды. Сондықтан әлі де көп жұмыс күтіп тұр. Біз бірігіп, алға қойылған міндеттерге жету үшін жанқиярлықпен еңбек етуіміз керек, – деді Мемлекет басшысы.
Президент цифрлық технологиялар мен жасанды интеллекттің қарқынды дамуы тәсілдерді үнемі жаңартып отыруды талап ететінін атап өтті.
– Есептеу инфрақұрылымын дамыту маңызды бағыт болып қала береді. Суперкомпьютерлік кластердің іске қосылуы елдің технологиялық егемендігін нығайтудағы маңызды қадам болды. Енді кезекте – Қазақстанда «Деректер орталықтары алқабын» құру. Бұл ауқымды жобаны жүзеге асыру жаңа инвестицияларды тартуға және аймақтық цифрлық хаб ретіндегі позициямызды нығайтуға мүмкіндік береді. Толық цифрландыру және жасанды интеллектті енгізу қазіргі уақытта елімізді мемлекеттік басқару жүйесінен креативті индустрияға дейін жан-жақты жаңғыртудың негізгі факторларының бірі болып табылады. Жазда Астанада «Болашақ ойындары» өтеді. Классикалық пәндер мен киберспорт тоғысындағы жарыстарға әлемнің 50 елінен мыңға жуық спортшы қатысады. Жаңа спорттық формат озық технологияларды күнделікті өмірге белсендірек интеграциялауға және, одан да маңыздысы, жастар арасында спортты насихаттауға ықпал етеді, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Фото: Ақорда