Орталық Азияның үш елін — Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстанды біріктіретін "Jibek Joly" жаңа туристік пойызы алғашқы рейсіне шығады. 20-25 наурыз аралығында жолаушылар өңірдің ең көне әрі көрікті қалаларын бір сапар аясында тамашалай алады. Бұл туралы Todayinfo.kz ақпараттық порталы хабарлайды.
Туристік бағыт Алматыдан басталып, Түркістан, Самарқанд, Душанбе және Ташкент қалаларын қамтиды. Бес күнге созылатын саяхат соңында пойыз қайтадан Алматыға оралады.
Бұл жоба Наурыз мейрамы қарсаңында ұйымдастырылып отыр. Қатысушылар бірнеше күн ішінде өңірдің басты тарихи-мәдени және рухани орталықтарымен танысуға мүмкіндік алады.
Бағдарлама аясында экскурсиялар, мәдени мұра нысандарын аралау және қатысушы елдердің салт-дәстүрімен таныстыратын арнайы іс-шаралар жоспарланған.
Jibek Joly жобасының маңызы қандай?
Жобаны Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі, "Қазақстан темір жолы" (ҚТЖ) және Қазақстандық туризм индустриясы бірлесе ұйымдастырып отыр.
Бұл бастама көршілес елдер арасындағы туристік байланысты нығайтып, Орталық Азияның брендін әлемдік деңгейде танытуды көздейді. Саяхатшылар үшін бұл — шекараларды кесіп өтудің ең ыңғайлы әрі қызықты тәсілі.
Ведомство мәліметінше, мұндай туристік пойыздар өңірлік туризмді дамытудың жаңа қозғалтқышына айналмақ.




