Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Германияның құзырлы органдарына ресми сауал жолдады, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі. Бұл – Берлинде шпионаж күдігімен ұсталған қазақстандық азаматқа қатысты іс.
Ведомство қазір жауап күтілетінін және мәселе бақылауда екенін атап өтті. Бұған дейін Германия Федералдық прокуратурасы 28 сәуірде Берлинде Қазақстан азаматының ұсталғанын хабарлаған болатын. Тергеу нұсқасы бойынша, ол шетелдік барлау мүддесінде әрекет етуі мүмкін.
Күдіктінің неміс әскери өнеркәсібі мен Украинаға көмекке қатысты ақпаратты бергені айтылады. Неміс құқық қорғау органдарының дерегінше, ер адам 2025 жылдың мамырынан бері ресейлік арнайы қызметтермен байланыста болуы мүмкін. 29 сәуірде оны бұлтартпау шарасын тағайындайтын тергеу судьясына жеткізу жоспарланған.
Қазіргі уақытта неміс тарапынан ресми мәліметтер түскен жоқ. Іс Қазақстан СІМ-нің ерекше бақылауында.




