Қазақстанда балаларға қатысты зорлық-зомбылық, қатыгездік және буллинг жағдайларына ден қоюдың бірыңғай ведомствоаралық алгоритмі бекітілді. Енді әрбір анықталған жағдайға жеке маман бекітіледі, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, жаңа тәртіп алғаш рет полиция, мектептер, дәрігерлер және қамқоршылық органдары арасындағы міндеттерді нақты бөледі. Бала құқығының бұзылуы туралы кез келген хабарлама нақты мерзімдері бар міндетті іс-әрекеттер тізбегін іске қосуы тиіс.
«Жүйенің басты жаңалығы – әрбір жағдайға жеке жауапкершілікті қамтамасыз ететін кейс-менеджерлер институтын енгізу. Әрбір анықталған оқиғаға нақты маман бекітіледі, ол барлық қызметтердің жұмысын үйлестіреді және баланың құқықтары толық қалпына келгенше оны сүйемелдейді. Бұл тәсіл ведомстволар арасындағы жауапкершіліктің „шашырауын“ болдырмайды және зардап шеккенге үздіксіз қолдау көрсетуді қамтамасыз етеді», – деді ведомствода.
Енді тексеру үшін негіз ресми өтініштер ғана емес. Министрлікте балалардың өз өтініштері, «111» байланыс орталығының сигналдары, әлеуметтік желілер мен БАҚ-тағы хабарламалар да ескерілетінін айтты.
«Жағдайларды анықтауға мобильді топтар мен психологиялық қолдау орталықтарын қоса алғанда, барлық негізгі құрылымдар тартылған. Маңызды өзгеріс – мемлекеттік қорғауға және міндетті сүйемелдеуге енді зорлық-зомбылыққа ұшыраған балалар ғана емес, оның куәгері болғандар да алынады», – деп хабарлады министрлік.
Ден қою мерзімдері де белгіленді. Министрлік деректері бойынша, зорлық-зомбылық туралы мәліметтерді дереу тиісті мемлекеттік органдарға жіберу керек. Бір сағат ішінде ақпарат бала құқығын қорғау құрылымдарына жіберіледі, бір жұмыс күні ішінде кейс-менеджер тағайындалып, баланың тұрмыс жағдайы тексеріледі. Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияға материалдарды үш жұмыс күні ішінде тапсыру қажет. Балаларға медициналық, психологиялық, педагогикалық, әлеуметтік және құқықтық көмек бірыңғай стандарт бойынша көрсетіледі.




