Халық әртісі Меруерт Өтекешова Azan Radiosy-на берген сұхбатында Құман Тастанбековпен арадағы алғашқы сезімдері мен кездесулері туралы ескі естеліктерімен бөлісті.

Актрисаның айтуынша, көпшілік ойлағандай олардың қарым-қатынасы «Қыз Жібек» фильмінен кейін бірден басталып кетпеген. Ол кезде Меруерт Өтекешова студент, ал Құман Тастанбеков театрда жұмыс істеп жүрген.

Жас жұптың романтикалық кездесулері Алматыдағы Абылай хан мен Жібек жолы көшелерінің қиылысындағы құймақханада өткен.

«Алматыдағы Алатау кинотеатры маңында, Абылайхан мен Жібек жолы көшелерінің бойында құймақ пісіретін кафе болатын. Біз таң ата кездесетінбіз, құймақ жейтінбіз. Сосын ол театрға, мен оқу орныма кететінмін. Ол кезде шынайы романтика бар еді», – деп еске алды актриса. Актриса ол кездегі кездесулердің өте шынайы әрі жылы болғанын ерекше атап өтті.

1970 жылы жарық көрген «Қыз Жібек» фильмі — қазақ киносының шоқтығы биік туындысы. Сұлтанахмет Қожықов режиссерлік еткен фильмде Меруерт Өтекешова (Жібек) мен Құман Тастанбеков (Төлеген) басты рөлдерді сомдап, кейін өмірде де нағыз үлгілі отбасына айналды. Ғабит Мүсіреповтың сценарийі мен Нұрғиса Тілендиевтің музыкасы туындыны ұлттық мәдениеттің алтын қорына қосты.