Қазақстанның ең әдемі туристік бағыттарының бірі Көлсай көлдерінде ауқымды инфрақұрылымдық жоба іске асырылады, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі. Алдағы уақытта Төменгі және Ортаңғы Көлсай көлдерінің арасын жалғайтын аспалы жол салынады.
Бұл жайында «Парктер шеруі» халықаралық экологиялық акциясының қорытындысына арналған баспасөз туры кезінде «Көлсай көлдері» Мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Экологиялық ағарту және туризм бөлімінің басшысы Руслан Иманбаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, ұлттық парк аумағында туризмді дамыту мақсатында 19 ұзақ мерзімді және 6 қысқа мерзімді жер телімі пайдалануға берілген. Инвесторлар визит-орталықтар, эко-қонақүйлер, глэмпингтер, қоғамдық тамақтану орындары мен екі Көлсайды жалғайтын аспалы жол салады.
Бұл жоба туристер үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, аймақтың туристік тартымдылығын арттыруға бағытталған. Сонымен қатар Қайыңды көліне жаңа жаяу жүргіншілер соқпағы салынып, бақылау алаңдары, демалыс орындары және заманауи инфрақұрылым нысандары бой көтереді.
Соңғы жылдары Көлсай мен Қайыңдыға келушілер саны тұрақты өсуде. Сондықтан қолға алынған жаңа жобалар туристік қызмет көрсету сапасын арттырып, табиғи нысандарға келетін қонақтарға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.




