Сенат қаңғыбас жануарлар мәселесін реттейтін заң жобасын бірінші оқылымда қарап, оны түзетулермен Мәжіліске қайтарды, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Сенатор Арман Өтеғұлов заң жобасына бірнеше түзету енгізді. Оның айтуынша, қазіргі «ұстау—залалсыздандыру—вакцинациялау—қайтару» моделі күтілген нәтиже бермеген. Соңғы төрт жылда бір миллионнан астам қаңғыбас ит ұсталған, бірақ адамдарға шабуыл жасау жағдайлары 155 мыңнан асқан.
«Қолданылып жүрген механизмдер қайта қарауды қажет етеді. Эвтаназия тек ерекше жағдайларда ғана мүмкін: созылмалы ауру, өмір сапасының нашарлауы кезінде ветеринарлық қорытынды бойынша», — деді сенатор.
Мемлекет 2022 жылдан бері осы мақсатқа 14,5 млрд теңге бөлген, бірақ қаражат өңірлерге біркелкі бөлінбеген. Сенаторлар маслихаттарға қаңғыбас жануарлар санын реттеу тәртібі мен мерзімін дербес анықтау құқығын беруді ұсынды. Сондай-ақ «эвтаназия» терминінен бас тарту ұсынылды.
Қаңғыбас жануарлар көбіне оңтүстік өңірлерде — Алматы, Түркістан облыстары мен Шымкентте кездеседі. Ал Ақмола, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстарында нәтиже жақсы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» бастамасы аясында жануарларға қатыгездік үшін жазаны қатаңдатуды тапсырды.




