Кеген ауданы – елімізде қарағай өсіру бойынша озық аймақтардың бірі. Осы табиғи сұлулықты, тау бөктерін жасыл желекпен безендіретін көрікті жерді сақтау үшін орман шаруашылығы қызметкерлері жүйелі және жоспарлы жұмыс жүргізуде. Қазіргі уақытта орманшылардың басты міндеттерінің бірі – жергілікті табиғи аймаққа тән Шренк шыршасының санын көбейту, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
«Кеген орман шаруашылығы» КМКК директоры Әмірболат Сұлтанғазиевтің айтуынша, бүгінгі күні 154,4 гектар аумаққа 1 069 920 қылқан жапырақты ағаш отырғызылған. Сонымен қатар, 110 гектар аумаққа 118 мың көшет отырғызылып, топырақтың деградациясын болдырмауға ықпал етеді. Орманшылардың қызметі тек отырғызылған ағаштардың санымен ғана емес, сонымен қатар олардың жергілікті жағдайларда бейімделу деңгейімен де бағаланады. Қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 75-80% құрайды.

Орманның тұқым қоры тұқым станциялары мен дендрарийлер базасында қалыптасады. 2021–2025 жылдар аралығында орман шаруашылығы мамандары 1400 келіден астам іріктелген тұқым жинады. Осылайша, орман алқаптары басқа аймақтардан көшет әкелуді қажет етпей, жергілікті отырғызу материалы есебінен толықтырылады.
Бұл бағыттағы негізгі нысан – дендрарий. Оның 3,25 гектар аумағында бірнеше жыл ішінде 2 879 000 көшет өсірілді. Олар Саты ауылы маңындағы ормандарды қалпына келтіруге арналған, сондай-ақ Алматы облысының басқа аудандарына жіберіледі. Болашақта дендрарийде өсірілген үш миллионға жуық ағаш орман алқаптарына отырғызылып, аймақтың экологиялық тұрақтылығына оң әсер етеді.

Бүгінде жалпы ауданы 89 941 гектар болатын орман шаруашылығында 109 адам жұмыс істейді. Кәсіпорын қажетті техникамен толық қамтамасыз етілген: 19 жол талғамайтын патрульдік автокөлік, 62 жылқы, 2 өрт сөндіру машинасы, 3 жүк көлігі, 6 дөңгелекті және 5 шынжыр табанды трактор, 1 мини-трактор және 1 экскаватор бар.

Соңғы жылдары салаға жас мамандар көбірек келуде. Бұған жалақының өсуі және материалдық-техникалық базаның тұрақты жаңартылуы ықпал етеді. Бұл жұмыс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың екі миллиард ағаш отырғызу туралы тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, ол экотуризмді дамытуға және аймақтың табиғи байлығын сақтауға серпін береді.




