Todayinfo.kz
Абай облысы

Мен әкім болып тұрғанда ауыл жабылмайды — Берік Уәли

Абай облысында ауылдарды дамыту мен инфрақұрылымды жетілдіру мақсатында «Қаладан – ауылға» пилоттық жобасы ресми түрде басталды. Форумға 138 ауылдық округтің әкімдері, аудан әкімдері, олардың ауыл шаруашылығына жауапты орынбасарлары мен бөлім басшылары қатысты. Сондай-ақ облыс де

Авторы Жаннұр Еділбаева··3 мин оқу
Мен әкім болып тұрғанда ауыл жабылмайды — Берік Уәли
Абай облысында ауылдарды дамыту мен инфрақұрылымды жетілдіру мақсатында «Қаладан – ауылға» пилоттық жобасы ресми түрде басталды. Форумға 138 ауылдық округтің әкімдері, аудан әкімдері, олардың ауыл шаруашылығына жауапты орынбасарлары мен бөлім басшылары қатысты. Сондай-ақ облыс депутаттары мен ірі шаруа қожалықтарының иелері де келген. Абай облысының әкімі Берік Уәли өз сөзінде ауылдарды дамытуға облыстың мүмкіндіктері зор екенін атап өтті.
«Ауылымызды көркейтуге, дамытуға облысымыздың мүмкіндігі зор. Кеңес Одағы кезінде Семей облысы бекерден-бекер мал шаруашылығына бейімделген өңір болған жоқ. Мәскеу де ет комбинатын жайдан-жай салған жоқ. Бүгінде сол әлеуетті қайта жандандыру бағытында жұмыс жүріп жатыр. Құрылыс қарқынды, апта сайын қадағалап отырмыз. Нысандар уақытында пайдалануға беріледі деп сенеміз. Бірақ ет комбинатына шикізат қажет. Қаңырап бос тұрмауы керек. Сондықтан ауыл әкімдерін жинап отырмыз. Ауылдағы азаматтарға мал өсіруге жағдай жасауымыз керек»,- деді ол.
Әкім атағандай, «Қаладан ауылға» жобасының басты мақсаты — мемлекет тарапынан ауылға арналған барлық бағдарламаларды біріктіріп, облыстық қолдаумен толықтырып, жүйелі жобаға айналдыру.
«Біздің жеріміз — мал өсіруге өте қолайлы. Мұнай мен газ бір күні таусылуы мүмкін, ал шөбі шүйгін даламыз — мәңгілік ресурс. Сонымен қатар егін шаруашылығын дамытуға да мүмкіндік бар. Ертіс өзені ағып жатыр. Қазір ірі инвесторларды тартып жатырмыз. Мысалы, швейцариялық бірлескен «HarvEast» компаниясы Мақаншы ауданында 30 мың гектар жерді жалға алып, егін шаруашылығымен айналыспақ. Яғни қарап отырған жоқпыз. Барлық бағдарламалар мәслихатта бекітіледі, қаржы бөлінеді. Шаруа қожалықтарының қолдауы — өз тараптарынан көрсетілетін көмек. Ал облыс тарапынан «Қаладан ауылға» бағдарламасы аясындағы қолдау бөлек қарастырылған»,- деді әкім.
Берік Уәли қазіргі уақытта ауылдағы инфроқұрылымның жақсарғанын айтты.
«Ауылға барлық жағдай жасалып жатыр. Былтырдың өзінде 65 денсаулық сақтау нысаны салынды. Мектептер жөнделіп, спорт кешендері, жолдар салынып жатыр. Ауылдарға су тартылып, инфрақұрылым жаңарып келеді. Бірақ егер ауылда халық болмаса, мұның бәрі не үшін қажет? Мен әкім болып тұрғанда ауылдың жабылғаны болмайды. Сен аудан әкімі болып тұрған кезде ауылдың жабылғаны ертең өзіңнің бетіңе таңба. Сен ауылдың әкім болып тұрған кезде өз ауылың мектебі жабылып, ауыл жабылып жатса, ол өзің сүйекке таңба деп есептеймін»,- деді ол.
Берік Уәли ауылшаруашылығы саласы бойынша келіссөздер жүріп жатқанын айтты.
«Өзіміз мал өсіріп, ет өндірмесек, ертең шикізатты сырттан, тіпті Моңғолиядан тасуға мәжбүр боламыз. Қазірдің өзінде осы бағытта келіссөздер жүргізілуде. Ал өзіміз өндіретін болсақ, фермерлер өнімін тиімді бағамен өткізе алады. Сонда ауыл шаруашылығы шын мәнінде табысты салаға айналады. Біздің малшылардың Австралия мен Америка фермерлерінен еш кемі жоқ. Жағдай жасалса, олар да заманауи техника мінеді, табысты өмір сүреді. Алаштың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай: «Басқадан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек, бай болуға кәсіп керек, күшті болуға бірлік керек»,- деді әкім.
Облыс әкімінің орынбасары Думан Оспанов 2026-2028 жылдары жүзеге асырылатын жаңа жобаның негізгі бағыттары мен іске асыру тетіктері туралы баяндады. Оның айтуынша, қолданыстағы мемлекеттік, салалық және өңірлік деңгейдегі бағдарламалар арқылы ауылға қоныс аударушыларға баспаналы болуға, бизнес жүргізуге, мал алуға жәрдем беріледі.
«Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары арқылы сатып алынатын үйдің бастапқы жарнасы ретінде тұрғын үй сертификаты беріледі. Яғни, бастапқы жарнаның 90 пайызын облыс әкімдігі өтейді. Ол үшін бастапқы жарна 1,5 млн теңгеден аспауы тиіс», – деді облыс әкімінің орынбасары.
Халықты жұмыспен қамту бағытында «Жастар практикасы», «Қоғамдық жұмыстар», «Күміс жас» бағдарламалары қолданылып, еңбекақының бір бөлігі мемлекет тарапынан субсидияланады. Сонымен қатар жаңа бизнес-идеяларға гранттар беру, «Бір ауыл – бір өнім» жобасы арқылы жергілікті өндірісті дамыту, облыс әкімінің білім гранттары арқылы ауылға қажетті мамандар даярлау көзделген. Ауыл кәсіпкерлігін дамытуда «Ауыл аманаты», «Іскер аймақ» бағдарламалары және биыл басталатын «Игілік» жобасы маңызды рөл атқарады. Жеңілдетілген несие 6 пайызбен 7–10 жыл мерзімге беріліп, мал шаруашылығын дамытуға басымдық жасалады. Ерекше атап өтерлігі, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында облыста алғаш рет «Сауынды сиыр» атты жоба жүзеге асырылады. Бұл жерде тек сүтті сиыр сатып алуға басымдық беріледі. Сондай-ақ, «Тауарлы несие» жобасы шеңберінде «100 қой» жобасы қолға алынады. Бұл – бюджет қаражатын қажет етпейтін жоба. Бұған ірі және орта шаруа қожалықтары атсалысады. Бұл жерде ауылына, жұртына қолдау көрсетуге дайын азаматтардың рөлі басым болады. Осы жобаға қатысып, халыққа қол ұшын берген фермерлерге жеңілдетілген несие беру, техникаға қысқа уақытта қол жеткізулеріне мүмкіндіктер қарастырылып, қолдау көрсетіледі. Форум аясында өңірлердегі ауылдық аумақтарды дамыту, әлеуметтік-экономикалық өсімді қамтамасыз ету және жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіру мәселелері кеңінен талқыланды. Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Берік Уәли жиында айтылған ұсыныстар мен бастамалардың өңір дамуының жаңа кезеңіне бастайтын нақты қадамдар екенін атап өтті.

Ұқсас материалдар