Todayinfo ақпараттық агенттігі оқырмандарына Орталық Азияның құбылмалы геосаяси жағдайы мен аймақтағы энергетикалық транзиттің стратегиялық маңызына арналған арнайы сараптамалық мақаланы ұсынады. Мақала ағылшын тілінде anewz.tv басылымына жарияланған. Біз оны автордың рұқсатымен қазақша жариялап отырмыз.
Әлемдік державалар арасындағы бәсекелестік күшейген қазіргі тұста, «құбыр дипломатиясы» тек экономикалық пайда көзі ғана емес, ұлттық қауіпсіздік пен егемендікті қамтамасыз етудің басты құралына айналып отыр. PhD докторы Нұрболат Нышанбаевтың бұл еңбегінде аймақ мемлекеттерінің «теңізге шығар жолы жоқ» географиялық тұйықтықтан арылып, жаңа транзиттік хабқа айналу жолындағы стратегиялық қадамдары мен болашақ болжамдары егжей-тегжейлі талданады.
***
Орталық Азиядағы құбыр бағыттары – геосаясаттың тарихи тұрғыдан қалыптасқан және құрылымдық жағынан шектелген түрі. Бұл аймақта инфрақұрылым тек тасымалдау құралы ғана емес, сонымен қатар билік пен стратегиялық автономияның маңызды құралы қызметін атқарады. ХІХ ғасырдағы Британ және Ресей империялары арасындағы «Үлкен ойын» деп аталған бәсекелестіктен бері Орталық Азия тікелей аумақтық бақылаудан гөрі, қатынас жолдары, буферлік аймақтар және транзиттік дәліздер үшін күрес арқылы қалыптасты.
Еуразия кеңістігіндегі геосаяси шиеленістің күшеюі аясында Орталық Азия мемлекеттері өздерінің энергетикалық және транзиттік стратегияларын түбегейлі қайта қарауды бастады. Бұл өзгерістер тек экономикалық қисынды ғана емес, сонымен бірге егемендік, қауіпсіздік және ұзақ мерзімді сыртқы саяси дербестікке қатысты алаңдаушылықты да көрсетеді. Бұл шолуда біз сыртқы геосаяси қысым мен өзгермелі жаһандық энергетикалық динамика жағдайында Орталық Азияның құбыр жүйесінің қалай дамып жатқанын қарастырамыз.
География – тағдыр ма?
Посткеңестік кезеңнің ерекшелігі – геосаяси логиканың жоғалуында емес, оның материалдық трансформациясында. Теміржолдар мен керуен жолдарының орнын құбырлар басты, ал энергетикалық ағындар ықпал етудің негізгі валютасы ретінде дәстүрлі сауданы алмастырды. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Орталық Азия мемлекеттері саяси тәуелсіздікке қол жеткізгенімен, сыртқы транзиттік жүйелерге құрылымдық тұрғыдан тәуелді болып қала берді, бұл олардың жаһандық экономикалық тәртіптегі осалдығын күшейтті.
Орталық Азия мемлекеттері халықаралық жүйеге формальды егемендік пен терең инфрақұрылымдық тәуелділіктің парадоксалды қоспасымен енді. Теңізге шығар жолдың жоқтығы (landlocked) тек географиялық жағдай емес, саяси осалдыққа айналды. Кеңес дәуірінен мұраға қалған экспорттық бағыттар негізінен солтүстікке бағытталған болатын, бұл Қазақстан мен Түрікменстанды Ресей бақылайтын транзиттік жүйелерге байлап қойды. Нәтижесінде, әлемдік нарықтарға шығу бір ғана сыртқы актор арқылы жүзеге асырылып, транзитті бейтарап логистикалық функциядан саяси қысым құралына айналдырды.
Осы тұрғыда құбыр дипломатиясы аман қалу стратегиясы ретінде пайда болды. Экспорттық бағыттарды әртараптандыру сыртқы саяси опцияларды әртараптандырумен пара-пар болды, өйткені инфрақұрылымды бақылау жаңадан тәуелсіздік алған мемлекеттердің саяси автономиясына тікелей әсер етті. География тағдырды түбегейлі шешпесе де, өміршең стратегиялық таңдаулар ауқымын айтарлықтай шектеді.
Ресейдің 2022 жылы Украинаға толық ауқымды басып кіруі бұл нәзік тепе-теңдікті түбегейлі бұзды. Балама жолдарды біртіндеп іздеу процесі кенеттен жүйелі шұғыл сипатқа ие болды. Еуропалық мемлекеттер үшін ресейлік көмірсутектерге тәуелділікті азайту баға мәселесінен гөрі қауіпсіздік мәселесіне айналды.
Орталық Азиялық өндірушілер үшін Ресей транзитіне сүйенуді жалғастыру экономикалық тәуекелден саяси ауыртпалыққа ауысты. Мүдделердің бұл тоғысуы Оңтүстік Кавказға стратегиялық энергетикалық көпір ретінде назарды қайта аудартып, Каспий теңізін шеткі аймақтан геосаяси түйінге айналдырды.
Қолданыстағы транзиттік келісімдердің осалдығы Қазақстан мұнай экспортының шамамен 80 пайызы тасымалданатын Каспий Құбыр Консорциумы (КҚК) мысалында айқын көрінді. КҚК бағытындағы соңғы іркілістер мен техникалық оқиғалар Қазақстан экономикасына айтарлықтай әсер етіп, бір ғана экспорттық дәлізге шамадан тыс тәуелділіктің қаупін көрсетті. Толық жөндеу жұмыстары аяқталғанға дейін экспорт көлемінің шектеулі болуы инфрақұрылымдық шоғырланудың тікелей экономикалық және саяси қауіпке ұласатынын дәлелдеді.
Теңізге шығар жолдың жоқтығы және аймақтық өзара тәуелділік қисыны
Тарихи тұрғыдан Орталық Азияның байланыс жолдары солтүстікке бағытталған. Кеңес дәуірінде салынған жолдар, теміржолдар және құбырлар аймақты тек солтүстікпен байланыстырды, ал оңтүстік бағыттар дамымаған және саяси жағынан шеттетілген күйде қалды. 2000-жылдардың басында Ауғанстандағы тұрақсыздық оңтүстік бағытты шектеп, оны әлеуетті баламадан жоғары қауіпсіздік қатерінің көзіне айналдырды және Орталық Азияның солтүстік транзиттік дәліздерге тәуелділігін күшейтті.
Соңғы уақытта оңтүстік бағыт екі факторға байланысты стратегиялық маңызға қайта ие болды. Біріншіден, Ауғанстандағы ішінара тұрақтану және аймақтық қарым-қатынастың жандануы оңтүстікке қарай байланыс, әсіресе сауда, энергетикалық транзит және жылы су порттарына шығу туралы талқылауларды қайта бастады. Екіншіден, геосаяси өзгерістер, әсіресе 2022 жылдан кейін Ресейдің сенімді транзиттік хаб ретіндегі рөлінің төмендеуі Орталық Азия мемлекеттерін ұзақ уақыт еленбей келген баламаларды қайта қарауға мәжбүр етті. Бұрын перифериялық бағыт ретінде қарастырылған жол қазір кең ауқымды әртараптандыру күн тәртібіндегі стратегиялық нұсқа ретінде қабылдануда.
Осы өзгермелі ортада құбыр дипломатиясы Орталық Азияның сыртқы саясатының орталығына шықты. Баку-Тбилиси-Джейхан сияқты құбыр бағыттарының маңыздылығы олардың өткізу қабілетінде ғана емес, сонымен бірге символдық және стратегиялық мәнінде жатыр. Бұл дәліздер Ресейдің бақылауынан тыс инфрақұрылымды білдіреді. Тіпті аз көлемде тасымалдаудың өзі келіссөз жүргізу күшін өзгертеді. Құбырлар мемлекеттерге басым күштермен ашық қақтығысқа түспей-ақ сақтандыруға (хеджирлеуге), ниет білдіруге және сыртқы саясатты қайта реттеуге мүмкіндік беретін «болатқа құйылған саяси опциялар» қызметін атқарады.
Қазақстанның 2025 жылға қарай бағыты осы логиканы жақсы көрсетеді. Экономикалық тұрғыдан тұрақсыздыққа әкелетін Ресейлік транзиттік бағыттардан күрт бас тартудың орнына, Астана оңтүстік және шығыс бағыттарға қарай біртіндеп әртараптандыруды қолға алды. Каспий теңізі арқылы тасымалдауды кеңейту, Оңтүстік Кавказ дәлізімен тереңірек аралесу және Қытаймен энергетикалық ынтымақтастықты жалғастыру қысқа мерзімді тактикалық түзетуді ғана емес, сыртқы саяси басымдықтардың құрылымдық қайта бағдарлануын білдіреді.
Бұл эволюция Қазақстанның көп жылдық көпвекторлы стратегиясына сай келеді. Дегенмен, 2022 жылдан кейінгі жағдай көпвекторлылықты дипломатиялық қағидаттан инфрақұрылымдық тәжірибеге айналдырды. Оңтүстік векторды жандандыру – бұл жай ғана ағымдағы геосаяси сілкіністерге жауап емес, географиялық шектеулерді стратегиялық икемділікке айналдыруға бағытталған ауқымды күш-жігердің бір бөлігі.
Теңізге шығар жолдың жоқтығы аймақтық интеграцияны қалай біріктіреді?
Теңізге шығар жолдың жоқтығы Орталық Азия мемлекеттері үшін біріктіруші құрылымдық шектеу қызметін атқарды. Теңіз сауда жолдарынан оқшаулану тек сыртқа шығуды шектеп қана қоймайды, сонымен бірге аймақтық акторларды транзит, үйлестіру және байланыс үшін бір-біріне тәуелді болуға мәжбүрлейді. Бұл тұрғыда география мәжбүрлі өзара тәуелділік формасын тудырады: ешбір мемлекет оқшаулануды жеке дара жеңе алмайды, бұл аймақтық ынтымақтастықты саяси идеал емес, функционалды қажеттілікке айналдырады.
Маңыздысы сол, құбыр құрылысына қатысты стратегиялық таңдауларды тек нарықтық ұтымдылықпен шектеуге болмайды. Қытай ауқымдылықты, сұраныс тұрақтылығын және қаржыландыру мүмкіндігін ұсынса, ал Еуропа реттеуші болжамдылық пен саяси легитимділікті қамтамасыз еткенімен, құбырлардың бағыты автономияға, санкциялық қауіптерге және ұзақ мерзімді егемендікке қатысты терең есептеулерді көрсетеді. Экспортқа тәуелді экономикалар үшін үздіксіз энергия ағыны фискалдық тұрақтылықтың, режим легитимділігінің және әлеуметтік шығындардың негізі болып табылады. Нәтижесінде, экспорттық бағыттарды бақылау немесе кем дегенде әртараптандыру таза коммерциялық шешім емес, мемлекеттік қауіпсіздік мәселесіне айналады. Сондықтан құбыр дипломатиясы ішкі саяси тұрақтылықтан ажырағысыз.
Сонымен қатар, Батыстың Орталық Азия энергетикасына деген қызығушылығының жандануы тұрақты құрылымдық шектеулерді жойған жоқ. Транскаспий газ құбырының жоқтығы Түрікменстанның Еуропа нарықтарына шығуын шектеуді жалғастыруда, ал Қазақстанның Каспий теңізі арқылы мұнай экспорты логистикалық, экологиялық және өткізу қабілетіне байланысты қиындықтарға тап болуда. Дегенмен, бұл шектеулер негізгі дәлелді әлсіретпейді, қайта күшейтеді. Құбыр дипломатиясы тек бар инфрақұрылым туралы ғана емес, сонымен бірге саяси тұрғыдан нені жүзеге асыруға болатыны жайлы.
Транскаспийлік жобаларды тұрақты талқылау, тіпті құрылыс дереу басталмаса да, стратегиялық қызмет атқарады. Мұндай пікірталастар ниетті білдіреді, сыртқы серіктестер арасында үміт қалыптастырады және аймақтық стратегиялық ландшафтты біртіндеп қайта реттейді. Осылайша, теңізге шығар жолдың ортақ жоқтығы Орталық Азия мемлекеттерін шектеп қана қоймайды, ол барған сайын бөлшектеніп бара жатқан жаһандық энергетикалық тәртіп ішінде аймақтық интеграция, келісілген дипломатия және ұжымдық келіссөздер үшін ортақ құрылымдық негізді қамтамасыз етеді.
2025 жылға қарай Орталық Азия Еуразиялық энергетикалық геосаясаттағы рөлінің айтарлықтай қайта құрылымдалуын бастан өткерді. Құбыр дипломатиясы реактивті әртараптандыру стратегиясынан сыртқы саясаттың неғұрлым мақсатты құралына айналды, әсіресе Қазақстан оңтүстік және шығыс транзиттік бағыттарға ауысқан сайын. Бұл өзгеріс тәуелділікті толығымен жою емес, осалдықты басқаруға бағытталған талпынысты көрсетеді. 2026 жылға көз жүгіртсек, негізгі мәселе жаңа дәліздерді жариялау емес, бар дәліздердің төзімділігі, басқарылуы және саяси оқшаулануы болады деп болжаймыз. Аймақтың стратегиялық болашағы инфрақұрылымдық плюрализмнің шынайы автономияға әкелуіне немесе жай ғана тәуелділіктің бар үлгілерін өзгертуіне байланысты болмақ.
Түптеп келгенде, Орталық Азиядағы құбыр дипломатиясының маңызы оның екі жақты рөлінде жатыр. Ол ұлы державалардың бәсекелестігіне жауап береді және шағын және орта державаларға ресми альянстарға қосылмай-ақ сол бәсекелестік арасында жол табуға мүмкіндік береді. Санкциялар, жеткізу қауіпсіздігі және геосаяси адалдық барған сайын бір-бірімен байланысып жатқан 2022 жылдан кейінгі халықаралық жүйеде құбырлар сыртқы саяси белгі беру (сигнал) құралына айналды. Орталық Азия мемлекеттері үшін энергия ағындарының бағыты тек экономикалық қисынды ғана емес, сонымен бірге қайта жанданған геосаяси бөлшектену жағдайындағы егемендіктің мұқият есептелген көрінісін білдіреді.
Нұрболат НЫШАНБАЕВ,
«Тұран» университеті Халықаралық қатынастар және дипломатия жоғары мектебінің ассистент-профессоры, PhD Алматы, Қазақстан




