Президенттің айтуынша, бұл әлемдік стандарт бойынша креативті индустрияның дамуындағы түбегейлі өзгерісті көрсететін алғашқы іс-шара болады.
Президенттің айтуынша, бұл әлемдік стандарт бойынша креативті индустрияның дамуындағы түбегейлі өзгерісті көрсететін алғашқы іс-шара болады.
«Жасанды интеллект шығармашылықтың табиғатын түбегейлі өзгертіп, өзін-өзі көрсетудің жаңа формаларын ашып, талантты авторлар үшін барлық кедергілерді азайтады. Қазақстан осы жаһандық өзгерістердің белсенді қатысушысы болуға ұмтылады. Сонымен қатар, жасанды интеллект креативті индустрияны, кем дегенде, қазіргі түрінде жояды деген пессимистік болжамдарды да ескеру қажет. Сондықтан барлық тенденцияларды ұстап, оларға шебер бейімделу керек. Фестивальді өткізу елімізді халықаралық аренада инновациялар мен шығармашылық бастамалардың орталықтарының бірі ретінде ілгерілету тұрғысынан үлкен маңызға ие», – деп атап өтті Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру процесі мен жасанды интеллектіні толық енгізу ауқымды өзгерістерге жол ашады деп есептейді.
– Сондықтан біз азаматтардың құзыреттілігін арттыруға және оларды цифрлық дағдыларға оқытуға ерекше көңіл бөлеміз. Бүгінгі таңда 650 мыңнан астам студент Al Sana бағдарламасы бойынша оқиды. Жақын арада жасанды интеллект және deeptech-технологиялар саласында тағы 100 мың маман даярлау қажет. Биыл елімізде ғылыми-білім беру саласында маңызды оқиға күтілуде. Жаңа форматтағы технологиялық оқу орны – Жасанды интеллект университеті ашылады. Қазір біздің алдымызда басты міндет тұр: осы сала үшін білікті кадрларды тәрбиелеу. Талантты жастарды тартып, оларға сапалы білім алуға жағдай жасау қажет. Сондай-ақ перспективалы технологиялық жобалар мен компанияларды қолдау өте маңызды. Әрине, осы бағыттағы жүйелі жұмыс бүкіл елдің дамуына күшті серпін береді», – деді Мемлекет басшысы.
Президент дәл осындай турнирлерде өткір ақыл-ойымен және терең білімімен ерекшеленетін таланттар анықталатынын мәлімдеді.
– Өкілді және мазмұны бай жарыстар өзін-өзі дамыту, креативтілік және білуге құштарлық құндылықтарын кеңінен насихаттауға, сондай-ақ жаңа технологиялық мәдениетті қалыптастыруға мүмкіндік береді. Alem.ai battle байқауына мектеп оқушылары, студенттер, жас ғалымдар және IT-мамандар қатысып, тәжірибе алмасып, бір-бірін қолдады. Жарыс барысында біздің таланттар денсаулық сақтау, білім беру және ЖИ модельдерін оқыту салаларында инновациялық шешімдер ұсынды. Сондықтан бұл турнирді озық идеялардың бәсекесі деп атауға болады. Мұндай байқаулар сіздердің кәсіби өсулеріңізге күшті ынталандыру болады және біздің елімізде де, бүкіл әлемде де сұранысқа ие маңызды жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді деп сенемін. Сондай-ақ AI Governance Cup байқауы ерекше маңызға ие, оның барысында ЖИ-ді мемлекеттік басқару жүйесіне интеграциялауға бағытталған озық бастамалар ұсынылды. Олардың ішінде медициналық скрининг жүйесін автоматтандыру, интеллектуалды прокурорлық қадағалауды қамтамасыз ету және оқытушылық қызметті сүйемелдеу бойынша цифрлық шешімдерді бөліп көрсетуге болады. Барлық осы әзірлемелер идея немесе пилоттық жоба деңгейінде қалмауы керек. Негізгі мақсат – инновацияларды мемлекеттік органдардың қызметіне кезең-кезеңімен енгізу арқылы олардың тиімділігін арттыру. Бұған басым назар аудару қажет. Мұндай деңгейдегі жарыстарда жеңіске жету – айтулы жетістік. Сөзсіз, сіздердің барлық табыстарыңыз – тынымсыз ізденіс пен ерен еңбектің нәтижесі. Барлықтарыңызға шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Мемлекет бастамашыл және шығармашыл азаматтардың энергиясына үлкен үміт артады және оларға әрдайым қолдау көрсетеді», – деп Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылады.
Фото: Ақорда