Орталық сайлау комиссиясында Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауына арналған бюллетеньде саяси партиялардың орналасу ретін анықтайтын жеребе тарту рәсімі өтті.
ОСК төрағасының орынбасары Мұхтар Ерманның айтуынша, жеребе жеті бірдей конвертке салынған нөмірлер арқылы өткізілді. Саяси партиялар мемлекеттік тілдегі әліпби тәртібімен кезекпен жеребе тартып, шыққан нөмір олардың сайлау бюллетеніндегі орнын айқындады. Жеребе қорытындысы арнайы хаттамамен рәсімделіп, оған Орталық сайлау комиссиясының мүшелері қол қояды.
Жеребе нәтижесінде бюллетеньдегі партиялардың орналасу реті төмендегідей болып белгіленді:
1-орын – «Әділет» партиясы;
2-орын – Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы;
3-орын – Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы;
4-орын – Қазақстан Халық партиясы;
5-орын – «Ауыл» партиясы;
6-орын – «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы;
7-орын – «Respublica» партиясы.
Жеребе тарту рәсімі партиялардың сайлау бюллетеніндегі орнын кездейсоқтық қағидаты бойынша айқындауға бағытталған. Бұл барлық саяси партиялар үшін тең жағдай жасап, олардың ешқайсысына артықшылық бермеуді қамтамасыз етеді.
Еске салайық, 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Құрылтай депутаттарының сайлауына жеті саяси партия қатысады.




