“Педофил – Алланың барына дәлел” деген Университет ұстазының пікірі желіде қызу талқыланып жатыр. Нұржан Смағұлов бұл сөздерді "Нұр-Мүбарак" Ислам мәдениеті жоғары оқу орнындағы дәріс кезінде айтқан екен, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Аталған пікір көпшіліктің сынына ұшырады. Жұрт университет қабырғасында ұстаздың бұлау деуі дұрыс емес деп отыр.
"Педофильдің болуы Алланың барына дәлел емес пе? Керісінше, педофильдің болуы Алланың жоқ болуына дәлел болмау керек. Педофильдің болуы Алланың барына дәлел. Біздің қалауымыз педофильдің болуы ма, болмауы ма? Онда болмайтын еді. Біздің қалаған нәрсеміздің қарсысы болып тұр ма? Біздің қалауымыз орындалып тұр ма, орындалып тұрған жоқ па? Ол нені білдіреді? Біреу сенің қалауыңның орындалмауын қалап тұр", — деді видеода имам.
Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы да, оқу орнының өкілдері де Ислам діні педофилия мен ар-намысқа қол сұғушылыққа түбегейлі қарсы екенін жеткізді. Себебі бұл – ауыр күнә әрі қылмыс.
Оған қоса бейнежазба контекстен үзіп алынғанын айтады. Дәрістің негізгі мақсаты – әлемдегі жақсылық пен жамандықтың да Алланың қалауымен болатынын түсіндіру болған екен.
“Әлеуметтік желіде тараған Нұржан Смағұловтың педофилияға қатысты видеосы Нұр-Мүбарак университетінің ұстанымын білдірмейді. Өкінішке қарай, бейненің қысқартылған нұсқасы контекстен қиып алынып, толық мазмұны бұрмаланған түрде таратылған. Ислам діні адам абыройын, әсіресе баланың құқығын қорғауды басты міндет етеді. Университет тарапынан Нұржан Смағұловқа түсіндірме жұмыстары жүргізілді”, – деді Нұр-Мүбарак университетінің баспасөз қызметі.




