Todayinfo.kz
ЖаңалықтарБарлық жазбаларды қарау

Оңтүстік Корея президенті Қытайға бара жатыр: Шығыстағы көршімізде не болып жатыр?

Президент Ли Дже-мёң Бейжіңге сапармен барады: саясат пен экономиканың жаңа балансы жайлы.

Авторы Мұхтар Жексенбай··2 мин оқу
Оңтүстік Корея президенті Қытайға бара жатыр: Шығыстағы көршімізде не болып жатыр?

Корея университетінде қызмет ететін халықаралық саясат саласының сарапшысы, бұрынғы қазақстандық дипломат Дулат Бакишев Оңтүстік Корея мен Қытай арасындағы жаңа саяси динамикаға пікір білдірді.

Оның айтуынша, Қытай, Жапония және Оңтүстік Корея сияқты Шығыс Азия елдері тынымсыз өзгеріс үстінде өмір сүретін мемлекеттер. Сондықтан олардың экономикалық қуаты да сол тынышсыз қозғалыспен тікелей байланысты.

Бұл туралы Todayinfo.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бакишев мырзаның сөзінше, алдағы Жексенбіде президент Ли Дже-мёң Бейжіңге ресми сапармен барады. Бұл соңғы екі айдағы Қытай басшысы Си Цзиньпинмен екінші кездесу болмақ. Мұндай жиі кездесу – ҚХР тарапынан ерекше назар мен тығыз қатынас орнатуға ұмтылыстың белгісі.

Сеул – Вашингтонның аймақтағы маңызды әскери одақтасы болса да, АҚШ пен Корея арасындағы басшылар деңгейіндегі ынтымақтастық дәл бұлай көрініс таппаған. Осыны ескерген Қытай өз мүддесін алға тартуға тырысып отыр.

Оңтүстік Корея не үшін Бейжіңмен жақындасуға тырысып отыр?

Президент Ли бұл сапар арқылы бірқатар геосаяси және экономикалық мақсатты көздеп отыр. Біріншіден, Сеул үшін Солтүстік Корея мәселесі өзекті. Ал ҚХР бұл елге ықпал ете алатын жалғыз дерлік ойыншы. Сондықтан да Ли мырза ел ішіндегі имиджін күшейтіп, КХДР-мен қарым-қатынасты жұмсартуды қалайды.

Екіншіден, Оңтүстік Кореяның экономикасы Қытаймен тығыз байланысты. Сирек кездесетін металдардың үштен бірінен астамын дәл осы елден импорттайды, ал жартылай өткізгіш өнімдерді біршама көлемде Қытай нарығына экспорттайды.

Үшіншіден, өңірдегі қауіпсіздік басты басымдық болып қалуда. Қазірдің өзінде елде 28,500 АҚШ әскері орналасқан. 2025 жылдың соңына қарай Сеулге ядролық реактор негізінде жұмыс істейтін сүңгуір қайық берілуі күтілуде. Бұл жоба Бейжің мен Пхеньянның алаңдауына себеп болып отыр.

Қытай мен Корея арасындағы жаңа дипломатиялық кезең басталды ма?

Президент Ли сапар аясында Қытай тарабына бұл технологиялар оларға қарсы бағытталмағанын түсіндіруге тырысады. Ресми уәж – тек Солтүстік Кореядан келетін қауіпке жауап беру.

Алайда сарапшылар бұл келісімдердің арғы жағында аймақтағы ықпал үшін күрес жатқанын жоққа шығармайды. Бейжің үшін Сеул – маңызды экономикалық әрі геосаяси әріптес, ал Оңтүстік Корея үшін Қытай – елемеуге болмайтын держава.

Осылайша, екі жақ қазір дипломатиялық диалогты күшейтіп жатыр, ал бұл аймақтағы жаңа тепе-теңдіктің алғышарты болуы мүмкін.

Ұқсас материалдар