Қызылорда облысының Қармақшы ауданында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Е.Мендалиев және ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры А.Мадалиеваның қатысуымен кездесу өткізілді.

Жиынға кент және ауылдық округтердің әкімдері мен мемлекеттік қызметшілері, мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшылары, сондай-ақ аудан тұрғындары мен азаматтық қоғам институттарының өкілдері қатысты, деп хабарлайды Todayinfo.kz.

Кездесудің негізгі мақсаты – мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамаларға енгізілген өзгерістерді түсіндіру, мемлекеттік қызметшілердің құқықтық мәдениетін арттыру, жаңа талаптарды тиімді іске асыруға ықпал ету, сондай-ақ мемлекеттік аппаратта ашықтық, заңдылық және адалдық қағидаттарын нығайту.

3f9471f7-c5df-4902-be40-37c61c2da61f.jpg

Іс-шара барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамаларға енгізілген негізгі өзгерістер жан-жақты түсіндірілді. Атап айтқанда, мүдделер қақтығысының алдын алу тетіктері, жақын туыстардың бірлесіп қызмет атқаруына қойылатын шектеулер, цифрлық кадрлық жүйені енгізу, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін жауапкершілікті күшейту, сондай-ақ көзделген өзге де маңызды жаңашылдықтар кеңінен баяндалды.

Сонымен қатар, азаматтық қоғам институттарын белсенді тарту арқылы қоғамдық бақылауды күшейту, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілері қызметінің ашықтығы мен есептілігін арттыру, азаматтардың ақпаратқа қолжетімділігін қамтамасыз ету, мемлекет пен қоғам арасындағы ашық диалогты дамыту, сондай-ақ халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтуға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге бағытталған шаралар талқыланып, 2026 жылғы 1 шілдеден күшіне енген Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы және «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» жаңа Заңының негізгі бағыттары мен ерекшеліктері таныстырылып, аталған заңнамаға енгізілген өзгерістер бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

5a658f1b-e484-4075-87d2-2ad123cc770e.jpg

Іс-шара соңында қатысушылар тарапынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті арттыру, мемлекеттік қызмет саласындағы шектеулер мен талаптар, сондай-ақ жаңа заңға қатысты сұрақтар қойылып, департамент басшысы азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.