Канар аралдары қауіпті хантавирус өршіген круиздік кемені қабылдаудан бас тартты, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі. Бұл шешім Испания үкіметінің кемені қабылдау туралы мәлімдемесінен кейін қабылданды.
Канар аралдарының автономиялық президенті Фернандо Клавихо құрамына Канар аралдары кіретін Испанияның сирек кездесетін және қауіпті хантавирус өршіген круиздік кемені қабылдау туралы шешімімен келіспейтінін мәлімдеді. Испания Денсаулық сақтау министрлігі кемені аралдарға қабылдайтынын мәлімдеген болатын.
«Бұл кемені Канар аралдарына кіргізуге рұқсат бере алмаймын. Испанияның бұл шешімі ешқандай техникалық критерийлерге негізделмеген, бізге ақпарат жеткіліксіз берілді», — деді Клавихо COPE радиостанциясының эфирінде.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, Клавихо бұл мәселені Мадридте Испания премьер-министрі Педро Санчеспен шұғыл талқылағысы келетінін айтты.
Нидерландтық MV Hondius круиздік кемесі қазір Кабо-Вердеде (бұрынғы Жасыл Мүйіс аралдары) тұр. Ол жерден Канар аралдарына үш-төрт күнде жетуге болады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) круиздік кемедегі хантавирустың сирек кездесетін жолмен – адамнан адамға жұққан болуы мүмкін екенін мәлімдеді. Клавихо тағы бір сұхбатында барлық жолаушыларды бірнеше күн бойы теңіз арқылы Канар аралдарына жеткізудің мәні жоқ екенін айтты.
«Егер жолаушылар қауіпсіз және дені сау болса, олардың Канар аралдарына репатриация үшін жүзуінің қажеті жоқ, мұны Кабо-Верде халықаралық әуежайынан жасауға болады», — деді ол.




