Белгілі продюсер, әзілкеш Нұрлан Қоянбаев қазақ киносының нарықтағы үлесі туралы күтпеген мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, Отандық киноиндустрия Голливудпен шынайы бәсекелестікке түсті және кинотеатр нарығының 50%-ын қайтарып алды,деп хабарлайды Todayinfo. "Осыдан 7-8
Белгілі продюсер, әзілкеш Нұрлан Қоянбаев қазақ киносының нарықтағы үлесі туралы күтпеген мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, Отандық киноиндустрия Голливудпен шынайы бәсекелестікке түсті және кинотеатр нарығының 50%-ын қайтарып алды,деп хабарлайды
Todayinfo.
"Осыдан 7-8 жыл бұрын кинотеатрларда көрсетілген кинолардың 99,9%-ы шетелдік болатын, яғни барлық ақша шетелге кетіп жатты! 30 жыл бойы! Қазақ тіліндегі кинолар кинотеатрларда көрсетілмеді! Бірақ қазақтың жігіттері мен қыздары өз ақшаларына, мемлекеттен қаржы алмай-ақ, кино түсіре бастады. Бүгінде 80-100 миллион долларға жуық қазақ киносаласы қалыптасты! Саладағы барлық мамандар жұмыспен қамтылды! Шетелдік кино дәуірі аяқталды!" – деді Қоянбаев.
Нұрлан Қоянбаев қазақ киносының әлемдік алпауыт киноиндустриямен бәсекелесе алатын деңгейге жеткенін атап өтті.
"Голливудтың миллиондаған қаржыға түсірген киноларына қарсы шығу, шынайы бәсекеге түсу оңай болған жоқ! Голливудтың кинолары әлемнің барлық мемлекеттерінің кинотеатрларын жаулап алған. Бірақ өз кино нарығын сақтап қалған елдер өте аз! Қазақ киносы қаншама қиындықтарға қарамастан, тіпті өз арамызда сын айтқандар көп болса да, өз мақсатына жетті! Нарықтың 50%-ын қайтарып алды!!! Біз әлемнің санаулы елдерінің қатарына қосылып, Голливудқа қарсы тұра алдық!" – деп жазды продюсер.
Қоянбаев Үкіметке қазақ киносына өз қаражатына фильм түсіріп жүрген азаматтарға қолдау көрсету керектігін айтты. Ол мемлекеттік жиындарға танымал бизнесмендер мен режиссерлер шақырылғанымен, ауылдан шыққан продюсерлердің ескерілмейтінін сынады.
"Мемлекеттік деңгейде киноға байланысты жиындар өтіп жатыр! Бірақ қазақ киносының атынан Александр Владимирович Аксютиц, Игор Цай сынды мамандар ғана қатысыпты. Біз оларға қарсы емеспіз, бірақ бізді неге шақырмайды? Біз де салаға үлес қосып жатырмыз ғой. 30 жыл бойы киноға миллиардтап ақша бөлінді, бірақ ол ақшалар мағыналы киноларға жұмсалуы керек еді... Ол қаржыны кім алды?" – деді ол.
Қоянбаевтың пікірінше, Голливудта киностудиялардың басында режиссерлер емес, мықты бизнес-менеджерлер тұрады, сондықтан Қазақстанда да осы жүйені енгізу қажет.
Продюсер Голливуд фильмдерінің көпшілігі сәтсіз шыққанын, дәл сондай жағдай қазақ киносында да бар екенін атап өтті.
"Кім айтты, Голливудтың барлық фильмі мықты деп? 2024 жылы Қазақстанда Голливудтың 200-ге жуық фильмі көрсетілді! Олардың ішінен есте қалғандары: "Король Лев", "Муана", "Гладиатор", "Дюна" сияқты 5-6 кино ғана. Ал қалған 190 фильмді кім көрді? Бізде де солай: 100 қазақ фильмі шықты, оның 5-6-уы ғана көңілден шықты, қалған 94-і әлсіздеу. Бірақ өзімізді жамандай бермей, бір-бірімізді қолдап жүрейік!" – деді Қоянбаев.
Продюсер қазақ киносының үлкен жетістіктерге жеткенін және енді оны ары қарай дамыту үшін мемлекет тарапынан дұрыс қолдау керектігін айтты.