Todayinfo.kz
AQORDAБарлық жазбаларды қарау

Тоқаев Boeing-пен келісті: Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе рейсі ашылады

Президент Тоқаев АҚШ-та Boeing басшылығымен кездесті. Жыл соңына дейін Қазақстанға Boeing 787 Dreamliner ұшақтары жеткізіліп, АҚШ-қа тікелей рейс ашылады.

Авторы Мұхтар Жексенбай··1 мин оқу
Тоқаев Boeing-пен келісті: Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе рейсі ашылады
АҚШ-қа жұмыс сапары барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Boeing компаниясының атқарушы вице-президенті Джефф Шоккимен кездесіп, Қазақстаннан Құрама Штаттарға тікелей әуе рейсін ашу туралы келісім жасады, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі. Кездесудің басты жаңалығы – жыл соңына дейін Air Astana әуе компаниясы паркіне жаңа Boeing 787 Dreamliner ұшақтарының жеткізілуі. Дәл осы ұшақтар екі ел арасында тұрақты әуе қатынасын орнатуға мүмкіндік береді. Президент отандық Air Astana, SСAT және Vietjet Qazaqstan компаниялары америкалық корпорациямен ортақ жобаларды дамытуға мүдделі екенін атап өтті. Сонымен қатар SCAT әуе компаниясы да өз паркін толықтыру үшін қосымша Boeing ұшақтарын сатып алмақ. Талқыланған тағы бір маңызды жоба – Шымкент әуежайында Boeing-пен серіктестікте ұшақтарға техникалық қызмет көрсету және жөндеу орталығын ашу. Бұл Орталық Азиядағы алғашқы осындай орталықтардың бірі болуы мүмкін. Өз кезегінде Boeing өкілі Қазақстанның көлік-транзиттік әлеуетін жоғары бағалады.
"Компаниямыз цифрландыру саласындағы жоспарларымен бөлісуге дайын. Қазақстанның әлеуеті зор, әсіресе әуе арқылы жүк тасымалдау бағытында тиімді ынтымақтастық орнатуға толық мүмкіндік бар", - деді Джефф Шокки.
Кездесуде авиация саласына маман даярлау және елдегі жүк тасымалдаушы ұшақтар паркін дамыту мәселелері де талқыланды. Фото: Әлеуметтік желіден

Ұқсас материалдар

Тоқаев Boeing-пен келісті: Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе рейсі ашылады · Todayinfo