Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) құзыретін кеңейту туралы жарлыққа қол қойды. Құжатқа сәйкес, ведомство енді қаржылық мониторинг пен мемлекеттік материалдық резервтерді басқару бағытында жаңа міндеттерді орындайтын болады, деп хабарлайды Todayinfo.kz порталы.
Қаржылық бақылауға жаңа өкілеттік
Енді ҰҚК қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға, терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуға қарсы іс-қимыл аясында, уәкілетті органдардың сұранысы бойынша өз ақпараттық жүйелерінен деректер ұсынуға құқылы.
Мемлекеттік резервтерді басқару ісіне араласады
Жаңа жарлыққа сәйкес, комитет келесі бағыттар бойынша жұмыс атқарады:
-
материалдық құндылықтардың тізімі мен көлеміне ұсыныс беру;
-
мобилизациялық резервтен құндылықтарды уақытша пайдалану немесе жаңарту тәртібін реттеу;
-
қорларды сақтау, жаңарту және мемлекеттік органдар арасында көшіру жұмыстарын үйлестіру;
-
осы бағыттардағы шығындар бойынша үкіметке ұсыныс жасау.
Көптеген өзгерістер 2025 жылғы 9 желтоқсаннан бастап күшіне енеді. Ал кейбір пункттер – әсіресе материалдық резервтермен байланысты нормалар – 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданылады.
Бұған дейінгі өзгерістер
Айта кетейік, бұған дейін Тоқаев Антикоррупциялық қызметті қайта ұйымдастыру туралы жарлыққа қол қойған еді. Соның нәтижесінде бұл агенттік ҰҚК құрамына өтті. Жаңа құрылым — ҰҚК жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет — құрылып, кейбір функциялар Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне берілген.
Сонымен қатар, 2026 жылдан бастап жаңа мемлекеттік IT-жүйелерді "QazTech" платформасынан тыс жасауға тыйым салынады. Бұл шешім цифрландыруды оңтайландырып, шығынды азайту мақсатында қабылданған.




