Мемлекет басшысының Жарлығымен Роман Скляр Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы болып тағайындалды. Ол бұрынғы қызметінен босатылды, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Роман Скляр Павлодар мемлекеттік университетін "инженер-құрылысшы" мамандығы бойынша, Мәскеу заманауи бизнес институтын "экономист" мамандығы бойынша және Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтын "заңгер" мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1989 жылы "Екібастұзкөміравтоматика" МНБ-да слесарь-монтажшы болып бастады. 1990-2002 жылдары Павлодардағы түрлі компанияларда жұмыс істеді. 2002 жылы Қаржы министрлігінің Павлодар облысы бойынша дәрменсіз борышкерлермен жұмыс комитеті басқармасының бөлім басшысы болды. 2003-2006 жылдары Павлодар қаласы мен Павлодар облысы әкімдіктерінде түрлі қызметтер атқарды.
2006 жылы Астана қаласы әкімдігінде жұмыс істей бастады. 2008 жылы Павлодар облысы әкімінің орынбасары болды. 2011 жылы Көлік және коммуникация вице-министрі болып тағайындалды. 2014 жылы "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының вице-президенті қызметіне келді.
2016 жылы Мәжіліс депутаты болып сайланып, онда Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетін басқарды.
2016 жылдың мамыр айынан бастап – Ұлттық экономика вице-министрі. 2019 жылдың ақпан айынан қыркүйек айына дейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі қызметін атқарды.
2019 жылдың 18 қыркүйегінде Президент Жарлығымен Роман Скляр Премьер-министрдің орынбасары болып тағайындалды. 2022 жылдың 11 қаңтарында ол Үкімет басшысының бірінші орынбасары болды.
Қызметтік міндеттері аясында Роман Скляр экономиканы жедел басқару, көлік инфрақұрылымы мен логистика, құрылыс, электр энергетикасы, атом энергетикасы, жаңартылатын энергия көздері, көмір және атом өнеркәсібі мәселелерін үйлестірді.
Сондай-ақ, бұл лауазымда ол өнеркәсіп, инновациялар, геология, жер қойнауын пайдалану және экспорттық бақылау, қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды пайдалану, орман шаруашылығы және жануарлар әлемі мәселелеріне жауапты болды. Соның ішінде ол жұмылдыру жұмыстары, жылыту маусымдарын дайындау және өткізу, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды дамыту, мұнай-газ секторы және мұнай химиясы, байланыс, ғарыш қызметі және "Байқоңыр" кешені, қорғаныс өнеркәсібі мәселелерін қадағалады.
Естеріңізге сала кетейік: бүгін Мемлекет басшысы Айбек Дәдебайды басқа жұмысқа ауысуына байланысты Президент Әкімшілігі басшысы қызметінен босатты.




