Талғар аудандық сотында қаралып жатқан Шерзат Болаттың өліміне байланысты қылмыстық іс бойынша басты айыпталушы Азамат Тоқтаубаев тергеу кезінде бұрын сотталғанын растады,деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі. Айыпталушы сот барысында өзінің тұрмыстық жағдайы, өмірлік тәж
Талғар аудандық сотында қаралып жатқан Шерзат Болаттың өліміне байланысты қылмыстық іс бойынша басты айыпталушы Азамат Тоқтаубаев тергеу кезінде бұрын сотталғанын растады,деп хабарлайды
Todayinfo ақпараттық агенттігі.
Айыпталушы сот барысында өзінің тұрмыстық жағдайы, өмірлік тәжірибесі мен оқиғаға дейінгі кезең туралы егжей-тегжейлі баяндады.
Сот отырысында Тоқтаубаев өзге күдіктілермен қарым-қатынасы туралы сұрақтарға жауап беріп, олардың кейбірін бала кезден білетінін жеткізді.
«Тұрар Рысқұлов ауылынан болғасын Нұрқияс Ілиясов менің көршім болды. Бала кезімізден бірге өстік. Сакиев Равиль мен Ысқақ Думанды да бұрыннан танимын. Ал Дархан Әскентайды соңғы бір жылда ғана таныдым. Қалиахмет Дидармен де тығыз араласқан жоқпын», – деді ол.
Азамат Тоқтаубаев сотта әртүрлі маусымдық жұмыстар атқарғанын айтты. Оның айтуынша, ол шаңғы базасында бақылаушы, кейін тұрмыстық заттар сатушысы ретінде жұмыс істеген. Соңғы рет үйінің жанындағы моншада аспаздың көмекшісі болып еңбек еткен.
Айыпталушы сот барысында тергеу кезінде үйқамақта болғанымен, бұлтартпау шарасын бұзғанын да жасырмады. Оның айтуынша, денсаулығының нашарлауына байланысты дәріханаға шығуға мәжбүр болған.
«Үйқамақты бұзғаным рас. Заңбұзушылық деп танысаңыздар, қарсы емеспін», – деді ол.
Прокурор Дана Сәрсенбай сотталушының мінез-құлқын бағалауда оның бұрынғы құқықтық мәртебесі маңызды екенін атап өтті. Тоқтаубаев бұрын сотталғанын растағанымен, оның қазіргі іске қатысы жоқ екенін мәлімдеді.
«Иә, бұрын сотталғанмын. Бірақ бұл жағдайдың бұл іске еш қатысы жоқ деп есептеймін», – деп жауап берді ол.
Айта кетейік, Азамат Тоқтаубаевқа алғашында 2023 жылдың желтоқсанында ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы 1-бөлігі (денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) бойынша айып тағылып, екі айға қамауға алынған болатын. 2024 жылдың ақпанында жәбірленушінің оның бұл іске қатысы жоқ екенін мәлімдеуіне байланысты үйқамаққа ауыстырылған. Кейін тергеу ісі 106-баптың 2-бөлігіне (аса ауыр зардаптарға әкелген әрекет) қайта сараланып, 2024 жылдың 17 қазанында сот үкімімен Тоқтаубаев 7 жылға бас бостандығынан айырылды.