Степногорск қаласында дәстүрлі фармацевтиканың үздік тәжірибелері қайта жанданып келеді. Қалалық көпсалалы аурухана жанындағы ауруханааралық дәріхана бүгінде өңірдегі дәрі-дәрмек өндіретін жетекші орталықтардың біріне айналды, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Қазіргі таңда көптеген дәріханалар дайын препараттарды сатумен ғана шектелсе, бұл мекемеде дәрілік заттарды арнайы рецепт бойынша әзірлеу дәстүрі сақталып, дамытылып келеді. Он бір білікті маман еңбек ететін ұжым медициналық мекемелерді ең қажетті стерильді ерітінділермен қамтамасыз етіп отыр.
Мұнда күн сайын 400-ге дейін құты өнім дайындалады. Нәтижесінде айына шамамен 1,5 миллион бірлік дәрілік өнім шығарылады. Дәріхананың негізгі өнімдері қатарында әртүрлі концентрациядағы натрий хлориді, глюкоза, калий хлориді және трисоль секілді өмірлік маңызы бар инфузиялық ерітінділер бар.
Ерекше назар нәрестелерге арналған препараттарға аударылады.
Дәріханада жаңа туған сәбилердің патологиясына арналған арнайы дәрілік құрамдар, дәрумен қосылған көз тамшылары, левомицетин мен глюкоза ерітінділері дайындалады. Сонымен қатар мұнда күрделі жақпамайлар, антигриппиндер, Павлов микстурасы және физиотерапия бөлімшелерінде қолданылатын эуфиллин мен димедрол ерітінділері де өндіріледі.
Жуырда Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Ермек жұмыс сапары барысында кәсіпорынның әлеуетімен танысты. Ол стерильді дәрілік препараттарды дайындау процесін көріп, аталған нысанның өңірлік денсаулық сақтау жүйесі үшін стратегиялық маңызын атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша Степногорск қалалық ауруханасы жанындағы өндірісті кеңейту туралы шешім қабылданды. Енді жергілікті фармацевтердің өнімдері тек қала ішінде ғана емес, Ақмола облысының өзге де стационарларына жеткізілетін болады.
Мамандардың пікірінше, бұл қадам қалалық аурухананы қолдауға, өңірдің дәрілік қауіпсіздігін нығайтуға және медициналық мекемелерді отандық өндірістегі сапалы препараттармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.




