Алматыдағы аласа қабатты үйлердің тұрғындары әкімдік шенеуніктері қаланы дамытуды сылтауратып, құрылыс салушылардың мүддесін қорғап отыр деп санайды, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Қаланың жаңартылған Бас жоспарына сәйкес, бірқатар шағын аудан (жеке сектор, жеке тұрғын үй құрылысы аймағы) көпқабатты құрылыс аймағына ауыстырылған. Бұл шешім тұрғындар арасында наразылық тудырып отыр. Олардың айтуынша, шенеуніктер осылайша Алматының қалыптасқан тұрмыстық келбетін бұзып, тұрғындарды өз үйлерінен қуып шығуға дайын.
Мемлекеттік қажеттіліктер (жол айрықтарын салу, жолдарды кеңейту, әлеуметтік нысандар тұрғызу) үшін бұзылатын немесе көпқабатты үйлер салынатын аймақтарға Тастақ, Қайрат, Маяк, Алмас, Теректі, Өжет, Мәдениет шағын аудандары және басқа да бірқатар аумақ кіреді.
Жақында Наурызбай ауданының Қалқаман, Мейрам, Жайлы шағын аудандарындағы тұрғындар жиналыс өткізіп, өз наразылықтарын білдірді. Олар әкімге, үкіметке және президентке үндеу жолдап, Бас жоспарды қайта қарауды және өз аудандарын жеке тұрғын үй құрылысы аймағы ретінде қалдыруды талап етті.
«Қала билігі біздің келісімімізсіз ауданымызды көпқабатты құрылыс аймағына ауыстырып жіберді. Біз мұнда үй салғанда, ұрпақтарымыз осы жерде тұрады деп үміттендік. Енді олар бізді үйімізден айырғысы келеді», - дейді тұрғындар.
Әкімдік өкілдері мен Бас жоспарды әзірлеушілер қаланың өсіп, дамып келе жатқанын, сондықтан басқа өңірлерден келетін тұрғындарды орналастыру қажеттігін алға тартты. Олардың пікірінше, ірі мегаполисте жеке тұрғын үй құрылысын сақтау тиімсіз. Шенеуніктердің айтуынша, жоспар бекітілген және оның күшін тек сот арқылы жоюға болады.




