JUZ40 білім беру орталығының тағы үш түлегі Ұлттық бірыңғай тестілеуден (ҰБТ) 140 балл жинап, ең жоғары нәтиже көрсетті, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі. Олар – Қызылорда қаласынан Балхан Альфия, Тараз қаласынан Қыдырбек Іңкәр және Шымкент қаласынан Нурбаев Жандос. Осылайша орталықтан 140 балл жинаған түлектер саны алтауға жетті.
Соңғы үш талапкерге JUZ40 EdTech компаниясының уәдесі бойынша Астана және Алматы қалаларынан 50 миллион теңге көлемінде пәтер берілді. Бұған дейін абсолют нәтиже көрсеткен алдыңғы үш оқушыға да Астана қаласынан пәтер табысталған еді. Сонымен қатар, орталық әр оқушыға 4 жыл бойы 140 000 теңге шәкіртақы, ал ата-аналарына 3 миллион теңге сыйақы тағайындады.
Негізгі ҰБТ басталғалы бері 340 мыңға жуық рет тест тапсырылған. Оның ішінде талапкерлердің 70 пайызы шекті балл жинаған, орташа балл – 66 балл (бес пән бойынша), ең жоғары балл – 140 балл. Ерекше білім беру қажеттілігі бар 765 талапкер қатысқан. Негізгі ҰБТ 10 шілдеге дейін өтеді, деп хабарлайды Ұлттық тестілеу орталығы.
«Оқушыларымыздың үздік нәтижелеріне шын жүректен қуаныштымыз. Мұндай сыйлықтар беру арқылы білімді трендке айналдырғымыз келеді. Себебі білім алып, еңбек еткен адам әрқашан бағаланады», – деді JUZ40 EdTech компаниясының негізін қалаушы Жұлдызай Мұсаева.


