Қазақстанда Қанды қаңтар оқиғасына төрт жыл толғалы тұр. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, бұл оқиға Қасым-Жомарт Тоқаевтың толыққанды билікке келуіне жол ашқанымен, елдегі саяси жүйенің түбегейлі өзгеруіне әкелген жоқ.
The Diplomat басылымы жариялаған талдауға сүйенсек, қазіргі билік «Жаңа Қазақстан» ұранымен ескі элитаны ығыстырғанымен, суперпрезиденттік жүйені сақтап қалды.
Активтердің ауысуы: Байлық кімнің қолында?
Сарапшы Димаш Әлжановтың жазуынша, 2022 жылдан кейін Тұңғыш Президенттің отбасы мен жақын айналасына тиесілі активтерді қайтару процесі қарқынды жүрді. Алайда, бұл процесс ашық өтпеді деген күдік басым.
Ресми деректерге сүйенсек, Қайрат Сатыбалды мемлекетке 1,6 миллиард доллар көлемінде актив қайтарды. Оның ішінде «Қазақтелеком» акциялары, жылжымайтын мүлік және қымбат әшекейлер бар. Қайрат Боранбаев та 270 миллион доллар шамасында активін тапсырып, бостандыққа шықты.
Дегенмен, шетелдік басылымның пайымдауынша, бұл шаралар олигархиялық жүйені жойған жоқ, тек байлықты элита ішінде қайта бөлісуге қызмет етті. Мысалы, бұрын Назарбаев қорына қарасты Jusan Bank пен болат өндіретін Qarmet (бұрынғы ArcelorMittal) жаңа инвесторлардың қолына өтті. «Ескі Қазақстан» өкілдері сахнадан кеткенімен, олардың орнын жаңа лоялды бизнесмендер басуда.
2029 жыл: Тоқаев билікті қалай тапсырады?
Мақалада көтерілген ең маңызды мәселе – алдағы саяси кезең. Қазіргі президенттің мандаты 2029 жылы аяқталады. Сарапшылардың болжамынша, Ақордада екі түрлі сценарий қарастырылуы мүмкін:
-
Конституцияны өзгертіп, мерзімді ұзарту;
-
Билікті мұрагерге тапсыру операциясын дайындау.
Осы орайда, 2027 жылы референдум өтіп, Парламент құрылымы өзгеруі мүмкін деген болжам айтылады. Жоспар бойынша, Сенат (жоғарғы палата) жойылып, бір палаталы парламент құрылуы ықтимал. Бұл өзгеріс президентке билік транзитін бақылауды жеңілдету үшін жасалуы мүмкін қадам ретінде бағаланып отыр.




