Түркістанда конституциялық реформаны қолдауға арналған ауқымды шара өтіп, соның аясында бірегей мурал ашылды. Қаланың басты туристік орталықтарының бірі – «Керуен сарай» кешеніндегі тұрғын үйдің қасбетіне салынған туынды жергілікті кәсіпкерлердің жеке қаражатына жасалды, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Жаңа мурал елдегі саяси жаңғыру мен әділетті қоғам құру жолындағы қадамдарды көркем тілде бейнелейді. Онда заманауи өнер тәсілдері арқылы конституциялық реформаның мәні, халықтың еркі мен бірлігінің маңызы, заң үстемдігі мен азаматтық жауапкершілік идеялары айқын көрсетілген.
Бұл бастама азаматтық қоғам мен кәсіпкерлер қауымдастығының белсенді атсалысуымен іске асты. Жобаны жұртшылық бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің және ел болашағына деген шынайы жанашырлығының жарқын үлгісі ретінде жоғары бағалады.
Муралдың ашылу құрметіне жастардың қатысуымен арнайы флешмоб ұйымдастырылды. Шара барысында қатысушылар конституциялық реформаны қолдайтын ұрандар айтып, референдум тақырыбына арналған шарларды аспанға ұшырды. Бұл рәсім елдің жарқын болашағына деген сенім мен ортақ азаматтық жауапкершіліктің белгісіне айналды.
Акция аясында жастар реформалардың мемлекет дамуына әсері мен маңызы туралы ойларын білдіріп, Ата заңның – бірлік, тұрақтылық пен әділдіктің берік негізі екенін атап өтті.
Қазірдің өзінде тұрғын үйдің қасбетіндегі конституциялық мурал жастар арасында танымал фотоаймаққа айналып үлгерді. Бұл – қоғамдық құндылықтарды өнер арқылы насихаттаудың тиімді тәсілі.
Фото: Әлеуметтік желіден




