Түркістан облысы құрылғаннан бері өңір экономикасына жалпы көлемі 7 трлн 570,8 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған. Бұл туралы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінде айтылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлерге инвестиция тарту, жаңа өндіріс орындарын ашу және экономиканы әртараптандыру жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында Түркістан облысында инвестициялық ахуалды жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің бақылауымен инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, өндірістік инфрақұрылымды дамыту және кәсіпкерлер мен инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау шаралары қолға алынған.
Түркістан қаласының рухани және туристік орталық ретінде дамуы да инвестиция көлемінің артуына ықпал еткен.
Соңғы деректерге сәйкес, 2025 жылдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 1 трлн 745,6 млрд теңгені құрап, 2018 жылмен салыстырғанда 4,5 есеге өскен. 2018 жылы бұл көрсеткіш 314,1 млрд теңге болған.
Инвестициялық белсенділік биыл да жоғары деңгейде сақталып отыр. 2026 жылдың алғашқы бес айында өңір экономикасына 614,2 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 150,5 пайыздық өсімді көрсетеді.
Сонымен қатар 2025 жылдың қорытындысы бойынша облысқа тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 2 млрд АҚШ долларына жетіп, жоспарланған көрсеткіштен асып түскен.
Биыл жалпы құны 369 млрд теңгені құрайтын 67 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Бұл жобалар өндіріс көлемін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірдің экономикалық әлеуетін күшейтуге бағытталған.
Қазіргі таңда Түркістан облысында инвесторлар үшін қолайлы инвестициялық климат қалыптасқан. Инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және мемлекеттік қолдау шаралары тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді.
Өңірде негізгі инвестициялық алаңдар ретінде «Turan» арнайы экономикалық аймағы, «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы, индустриялық аймақтар және барлық аудан-қалалардағы шағын өндірістік парктер жұмыс істейді.
Алдағы уақытта да өңір экономикасына инвестиция тарту, жаңа өндірістерді іске қосу, экспорт көлемін ұлғайту және халықтың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасын табады.




