Белгілі мәдениеттанушы, ғалым Мұртаза Бұлұтай әлеуметтік желіде қызу талқыланған тіл мәселесіне қатысты өз ойын білдірді. Оның айтуынша, қоғамда туындаған мұндай жағдайларға ұлттық сипат бермей, мәселенің мәніне үңілу қажет, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
«Орыс және қытай тілдері – әлемдегі ең көп қолданылатын 10 тілдің қатарына кіретін, БҰҰ-ның ресми тілдері. Біз болсақ, өз тілімізді әлі күнге дейін өз елімізде толыққанды орнықтыра алмай келеміз. Қытайда 1,5 миллиард халықтың ортақ қатынас тілі – қытай тілі, Ресейде 160 миллион халықтың ортақ тілі – орыс тілі. Ал бізде қазақ тілі әлі де ортақ қатынас тілі деңгейіне толық жете қойған жоқ. Мәселе – осында. Дегенмен, жақсы өзгерістер бар. Болашақта қазақ тілі елдегі негізгі қарым-қатынас тіліне айналады деп сенемін. Ол үшін жүйелі еңбек етіп, кешенді шараларды жүзеге асыру қажет», – деді Мұртаза Бұлұтай.
Ол сондай-ақ тілдердің таралуына тарихи және діни факторлардың да әсер ететінін атап өтті.
«Ағылшындар Үндістанды екі ғасырға жуық уақыт билесе де, жергілікті халықтың тілін меңгерген жоқ. Керісінше, ағылшын тілін орнықтырып кетті. Олар кеткеннен кейін де бұл тіл кең қолданыста қалды. Сол сияқты түркі халықтары араб мәдениетімен тығыз араласқанымен, арабтар түрік тілінде сөйлеп кеткен жоқ. Түркі тілдеріне араб сөздерінің көптеп енуіне ислам дінінің ықпалы себеп болды», – деді ол.
Мәдениеттанушының пікірінше, супермаркеттегі тілге қатысты жағдайды да артық ушықтырудың қажеті жоқ.
«Супермаркет – бұл сауда орны. Оның міндеті – тұтынушыларға сапалы қызмет көрсету. Қазақша сөйлеген адамға қазақша, орысша сөйлеген адамға орысша жауап беру қиын емес. Егер қызметкер белгілі бір тілді білмесе, тіл білетін әріптесін шақырғаны жөн. Мұндай қарапайым тұрмыстық жағдайды ұлттық немесе тіл дауына айналдырудың қажеті жоқ. Бұл – сатушы мен сатып алушы арасында жиі кездесетін түсініспеушіліктің бірі ғана», – деп түйіндеді Мұртаза Бұлұтай.




