Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсухты ең жоғары мемлекеттік награда – «Алтын Қыран» орденімен марапаттады.
Мемлекет басшысы атап өткендей, моңғол көшбасшысының Қазақстанға тарихи сапары барысында орден тапсыру қазақстандық халықтың оның тұлғасына және екіжақты қатынастарды дамытуға қосқан үлесіне деген терең құрметін көрсетеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ухнаагийн Хурэлсухтың тәжірибелі және көреген саясаткер ретінде танымал екенін, оның басшылығымен Моңғолия тұрақты дамуды көрсетіп, бірқатар инновациялық жобаларды жүзеге асырып, экономикасы мен халықаралық беделін нығайтып жатқанын атап өтті.
Қазақстан Президенті сондай-ақ Астана мен Ұлан-Батыр арасындағы екіжақты қатынастар достық пен өзара құрметке негізделгенін және соңғы жылдары стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілгенін атап өтті.
Оның айтуынша, елдер арасындағы өзара іс-қимыл Ухнаагийн Хурэлсух Моңғолия үкіметін басқарған кезеңде де белсенді дамыған, ал бүгін президент ретінде ол оған жаңа серпін берді.
«Бүгін қол жеткізілген уағдаластықтар біздің достығымызды одан әрі нығайтуға ықпал етеді. Қазіргі тұрақсыз уақытта мемлекеттеріміздің жақындасуы ерекше мәнге ие және екі тараптың мүдделеріне жауап береді», — деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде Ухнаагийн Хурэлсух жоғары награда үшін алғыс білдіріп, екі ел арасындағы достық қатынастарды одан әрі дамытуға дайын екенін растады.
Фото: Ақорда




