Қазақстанда ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін қолжетімді көлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасуда. Бұл туралы Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев үкімет отырысында инклюзивті саясат тұжырымдамасын іске асыру шеңберіндегі шараларды таныстыра отырып, хабарлады.
Оның айтуынша, іс-шаралар үш негізгі бағытты қамтиды: инфрақұрылымды бейімдеу, көлікті жаңғырту және қызмет көрсетуді жетілдіру.
Теміржол көлігінде пойыздардың шамамен 90 пайызы көтеру құрылғыларымен және бейімделген купелермен жабдықталған. 2030 жылға дейін әрбір жолаушылар пойызында кемінде бір мамандандырылған вагон болуы жоспарлануда.
Сонымен қатар теміржол вокзалдарын жаңарту бағдарламасы іске асырылуда. Қайта жаңғырту аясында пандустар, лифтілер мен көтеру механизмдерін орнату, сондай-ақ кассалық аймақтар мен санитарлық бөлмелерді аз қозғалатын азаматтардың қажеттіліктерін ескере отырып жаңғырту көзделген.
Әуе көлігі саласында әуежай инфрақұрылымының қолжетімділік деңгейінің артқаны байқалады. Нысандар ерекше қажеттіліктері бар жолаушыларға қызмет көрсетудің негізгі шарттарымен жабдықталуда.
Автомобиль көлігі саласында да кезең-кезеңімен жаңғырту жүргізілуде. Ведомствоның деректері бойынша, автовокзалдар мен автостанциялардың шамамен 80 пайызы, сондай-ақ қалалық автобус паркінің 79 пайызы қолжетімділік талаптарына сәйкес келеді.
Инватакси қызметін дамытуға ерекше назар аударылуда. Мамандандырылған автокөлік саны 30 пайызға артып, 1426 бірлікке жетті.
Фото: Freepik




