Қаржылық мониторинг агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті заңсыз құмар ойын бизнесін ұйымдастырған қылмыстық топтың әрекетін тоқтатты.
Тергеу мәліметтері бойынша, жергілікті тұрғын мобильді қосымша арқылы жұмыс істеген жерасты онлайн-казиноның жұмысын үйлестірген. Схема аясында покер ойынына («Техас холдемі») арналған платформа пайдаланылып, онда «Vendetta» және «AMG600L» клубтары құрылып, «Nomad» желісіне біріктірілген.
Клубтар тәулік бойы жұмыс істеп, Қазақстаннан да, шетелден де, соның ішінде Өзбекстан мен Қырғызстаннан ойыншыларды тартқаны анықталды. Аудиторияны кеңейту үшін мессенджерлер, мақсатты жіберулер, сондай-ақ бонустар мен көтермелеу жүйесі қолданылған.
Ойыншылар банктік шоттарға аударымдар жасау арқылы аккаунттарын толтырып, ойынға қатысу үшін «фишкалар» алған. Ұтыс сомалары қолма-қол ақшаға айналдырылып, пайдаланушылардың банк карталарына аударылған.
Ұйымдастырушылардың табысы әр ойын үстелінен алынатын комиссия («рейк») есебінен 3-тен 5%-ға дейін қалыптасқан. Қосымша ойыншыларды ұстап қалу мақсатында виртуалды қаражатты қарызға беру тәжірибесі қолданылған.
Қаржы ағындарын жасыру үшін «дропперлердің» банктік шоттары, соның ішінде шетел азаматтарына ресімделгендері пайдаланылған. Шоттарды бергені үшін оларға 100-ден 200 мың теңгеге дейін сыйақы төленген.
Көрсетілген шоттар бойынша жалпы айналым 557 млн теңгеден асқан.
Сонымен қатар, ұйымдастырушының тұрғылықты жерінде тінту кезінде есірткі заты алынған.
Екі күдіктіге қатысты үй қамауы түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Қылмыстық іс сотқа жіберілді.
ҚМА мәліметінше, құмар ойындарға қатысушылар елеулі қаржылық шығынға ұшыраған — кейбір жағдайларда 30 млн теңгеге дейін.
Ведомство онлайн-казиноның қолжетімділігі мен тиісті тексерудің болмауы оларды ерекше қауіпті етіп, жастарды тартуға және ойынға тәуелділіктің қалыптасуына ықпал ететінін атап өтті.
Қаржылық мониторинг агенттігі ескертеді: заңсыз құмар ойындарға қатысу жоғары қаржылық тәуекелдермен байланысты.
Фото: Freepik




