Фото: Егемен
Шымкент қаласында жүргізуші куәліктерін заңсыз беру деректері бойынша қылмыстық топ әшкереленді,деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
Анықталғандай, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының №2 мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Ж.Р. Мурашимов пен тағы 11 лауазымды тұлғаға күдік келтірілуде.
Тергеу барысында белгілі болғандай, жүргізуші куәлігін заңсыз алу үшін азаматтардан 150 мыңнан 400 мың теңгеге дейін пара алынған. Осылайша 500-ден астам адам заңсыз жолмен құжатқа ие болған.
Қылмыстық іс аясында күдіктілердің жалпы құны 200 млн теңгеден асатын мүлкіне тыйым салынды. Оның ішінде 2 жеке тұрғын үй, 2 пәтер, 2 жер телімі және 10 автокөлік бар. Барлық мүлікке тәркілеу мақсатында шектеу қойылған.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Құзырлы органдар заңсыз әрекеттерге барған тұлғаларға қатысты толық шара қолданатынын хабарлады.




