Биылғы жыл жаһан жұрты үшін ауқымды саяси-әлеуметтік өзгерістер кезеңі болды. Геосаяси үдерістер жаһандық саясат тәртібін жаңартып, бұрынғы ережелердің өзгеруіне, күш орталықтарының ауысуына алып келген тұста, әлемде тек ішкі бірлігі берік, ұлттық деңгейде ұйыса білген елдер ғана
Биылғы жыл жаһан жұрты үшін ауқымды саяси-әлеуметтік өзгерістер кезеңі болды. Геосаяси үдерістер жаһандық саясат тәртібін жаңартып, бұрынғы ережелердің өзгеруіне, күш орталықтарының ауысуына алып келген тұста, әлемде тек ішкі бірлігі берік, ұлттық деңгейде ұйыса білген елдер ғана бұл кезеңнен сәтті өте алды. Тарихи тұрғыдан алғанда, мемлекет дамуының әрбір кезеңі тек қабылданған шешімдермен ғана емес, сол шешімдердің қандай логикамен, қандай қоғамдық сұранысқа жауап ретінде және қандай институционалдық негізде жүзеге асқанымен өлшенетіні ақиқат. Бұл тұрғыдан, 2025 жыл ел тарихында ішкі саясаттың тұжырымдамалық тұрғыдан бекітілген, басқару философиясы жүйеленген, жасанды интеллект мемлекеттік деңгейде алғаш рет кешенді түрде қарастырылған әрі еңбек адамының, әсіресе жұмысшы мамандықтардың қоғамдық мәртебесі қайта жаңғырған жыл ретінде енеді. Жыл қорытындысы мақаламызда 2025 жылы еліміздің орын алған маңызды шараларды бағамдап көрелік.
Ішкі саясаттың тұжырымдамалық негізде бекітілуі: ретсіздіктен жүйеге өту
2025 жылы елімізде саяси күрт бетбұрыстың, терең дағдарыстың немесе күтпеген саяси өзгерістер емес, соңғы жылдары бастау алған саяси реформалардың жүйелі жалғасуымен сипатталды. 2019 жылдан бастау алып, 2022 жылдан жандана түскен саяси реформалар пакеті биыл біріздендіріліп, институционалдық түрде беки түсті. Ішкі саясатты саласындағы негізгі қағидаттар мен басым бағыттарды айқындайтын жеке құжаттың қабылдануы мемлекеттік саясаттың тиімділігі мен нысаналылығын арттыру жолындағы маңызды қадам болды. Сыртқы ахуалдың күрделілігіне қарамастан, экономика тұрақты өсім көрсетті, әлеуметтік, инженерлік және жол инфрақұрылымын кең ауқымда жаңғырту жұмыстары белсенді түрде жалғасты.
2025 жылдың басты саяси ерекшелігі – ішкі саясат тұжырымдамасының қабылдануы. Бұл құжатты формальды немесе декларативті акт ретінде емес, мемлекет пен қоғам арасындағы өзара қатынастарды жүйелеуге бағытталған стратегиялық қадам ретінде қарастыру қажет. Бұған дейін ішкі саясатта қолданылып келген көптеген тәсілдер, механизмдер мен идеологиялық бағдарлар практика жүзінде іске асырылып келді, алайда олардың барлығы біртұтас тұжырымдамалық құжатта жинақталмаған еді. 2025 жылы бұл олқылық жойылды. Бұл құжаттың қолданысқа енуі тек билік институттары үшін емес, тұтас саяси басқару жүйесін келесі бір даму кезеңіне шығарды. Себебі, ішкі саясат тұжырымдамасы мемлекет үшін бірнеше маңызды функция атқарады. Біріншіден,биліктің қоғаммен жұмыс істеудегі басымдықтарын, құндылықтық бағдарларын және негізгі әдістерін ресми түрде бекітеді. Екіншіден, ішкі саяси қызметті фрагменттелген шаралар жиынтығынан жүйелі саясат деңгейіне көтереді. Үшіншіден, мемлекеттік органдар үшін ішкі саясат саласындағы жауапкершіліктің нақты шекарасын айқындады.
2025 жыл еліміз үшін президенттік реформаларды институционалдық тұрғыдан бекіту кезеңі болды. Ішкі саясатты жүйелеу, ортақ құндылықтық бағдарларды қалыптастыру бағытындағы жұмыс жалғасын тапқанының куәсі болдық. Ішкі саясат саласындағы басты қағидаттар мен басым бағыттарды айқындайтын концепцияның қабылдануы мемлекеттік саясаттың тиімділігі мен нысаналылығын арттыру жолындағы маңызды қадам болды.
2025 жыл мемлекет үшін кең ауқымды цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын енгізуге бағытталған ұзақ мерзімді стратегиялық вектордың қалыптасуымен де ерекшеленді. Цифрлық трансформация өзіндік мақсат ретінде емес, экономиканың түрлі салаларының тиімділігін арттырудың, мемлекеттік қызметтер сапасын жақсартудың және елдің жалпы бәсекеге қабілеттілігін күшейтудің жүйелі құралы ретінде қарастырылды.
Елімізде саяси реформалардың жаңа кезеңінің басталуын да айқындады. Мемлекет басшысының бірпалаталы парламентке көшу жөніндегі бастамасы саяси институттардың рөлін одан әрі нығайтуға және саяси диалогты дамытуға бағытталған стратегиялық бағытты білдіреді.Қазақстанның дамуындағы реформалар кешенінің сапалық тұрғыдан біртұтас әрі үйлесімді модельге айналу кезеңі ретінде сипаттауға болады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси бағытын кезең-кезеңімен жүзеге асыру елді дамудың жаңа магистральды жолына шығарып отыр. Институционалдық өзгерістердің, экономикалық өсімнің және жаңа қоғамдық этиканың үйлесімі Қазақстанның алдағы орнықты дамуына берік негіз қалайды. Маңыздысы, тұжырымдаманың қабылдануы саяси турбуленттілік кезеңінде емес, салыстырмалы түрде тыныш әрі тұрақты жағдайда жүзеге асты. Бұл дегеніміз аталмыш құжат қандай да бір саяси дағдарысқа жауап емес, ұзақ мерзімді басқару логикасының бір бөлігі екенін көрсетіп отыр. Мемлекет ішкі саясатты тек әлеуметтік наразылыққа реакция ретінде емес, қоғам дамуын алдын ала бағыттайтын стратегиялық құрал ретінде қарастыра бастады.
Президенттік реформалардың институционалдық бекітілу кезеңі
2025 жыл Қазақстан үшін президенттік реформалардың жаңа бастау алған кезеңі емес, керісінше, сол реформалардың институционалдық тұрғыдан бекітілу кезеңіне айналды. Алдыңғы жылдары басталған саяси жаңғырту, билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу, мемлекеттік басқаруды оңтайландыру сияқты реформалар осы жылы жүйелі сипат алды. Реформалар енді эксперимент немесе уақытша шара ретінде емес, басқару жүйесінің тұрақты элементіне айналды.
Бұл үрдіс біздіңше, саяси шешім қабылдау мәдениетін де өзгертті. Егер бұрын реформалар көбіне жедел сипатта жүзеге асса, енді алдын ала есептелген, кезең-кезеңімен енгізілетін саясатқа айналды. Мұндай тәсіл басқару сапасын арттырып қана қоймай, мемлекеттік аппараттың болжамдылығын күшейтті.
Сыртқы геосаяси және экономикалық ахуалдың күрделілігіне қарамастан, Қазақстан экономикасы салыстырмалы түрде тұрақты өсім көрсетті. Инфляциялық қысым, жаһандық нарықтағы белгісіздік сияқты факторларға қарамастан, мемлекет әлеуметтік міндеттемелерін орындауды жалғастырды.Әлеуметтік, инженерлік және жол инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған ауқымды жобалар іске асырылды. Мемлекет экономиканың нақты секторын, өңірлік дамуды және жұмыс орындарын құруды ішкі саясаттың маңызды құралдарының біріне айналдырды. Бұл әсіресе жұмысшы мамандықтардың мәртебесін арттыруға бағытталған саясатта айқын көрінді.
2025 жылдың ішкі саяси күн тәртібіндегі ең маңызды және резонансты тақырыптардың бірі салық реформасы болды. Реформа мемлекет пен бизнес арасындағы қарым-қатынастың, сондай-ақ фискалдық мүдделер мен қоғамдық әділеттілік түсінігінің қайшылықтарын айқын көрсетіп отыр. Салық реформасының айналасындағы пікірталастар ішкі саясатта маңызды сапалық өзгерісті көрсетті. Қоғамдық қабылдау, сенім және түсіндіру жұмыстары шешуші факторға айналды. Бұл мемлекет үшін маңызды сабақ болды: тұрақтылық тек экономикалық тиімділікпен емес, қоғамның сол саясатты қабылдауымен өлшенеді.
Жасанды интеллект және цифрлық мемлекеттің қалыптасуы
Жасанды интеллект пен цифрлық трансформацияны мемлекеттік деңгейде жүйелеудің нақты басталған кезеңі ретінде ерекшеленді. Бұған дейін цифрландыру көбіне жекелеген салалар мен ведомстволардың бастамалары аясында жүзеге асырылып келсе, дәл осы жылы жасанды интеллект ұлттық даму стратегиясының маңызды әрі ажырамас бөлігі ретінде институционалдық сипат алды. Аталмыш өзгеріс цифрлық технологияларға деген көзқарастың түбегейлі трансформацияланғанын көрсетеді: жасанды интеллект енді эксперименттік құрал емес, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған жүйелі саясаттың өзегіне айналды.
Мемлекеттік дискурста жасанды интеллект өзіндік мақсат ретінде емес, нақты басқару міндеттерін шешудің құралы ретінде қарастырыла бастады. Бұл дегеніміз, ең алдымен, шешім қабылдау сапасын арттыру, мемлекеттік қызметтерді проактивті форматқа көшіру, әкімшілік шығындарды қысқарту және азаматтармен өзара байланысты жаңа деңгейге шығару мәселелерінен көрініс тапты. Мемлекеттік аппараттың қызметі біртіндеп деректерге негізделген басқару логикасына көше бастады. Цифрландырудың ішкі саясаттағы рөлі осы тұрғыда ерекше маңызға ие болды. Мемлекеттік аппараттың ашықтығы мен есептілігі, шешім қабылдау жылдамдығы және азаматтармен кері байланыстың сапасы жаңа технологиялар арқылы күшейе түсті. Электрондық үкіметтің дамуы, деректердің интеграциясы және цифрлық платформалардың кеңеюі мемлекеттік қызметтерді тұтынушыға бағытталған форматқа көшіруге мүмкіндік берді. Өзгерістер азаматтардың мемлекетке деген сенімін арттырудың маңызды факторына айналып, биліктің тиімділігі күнделікті өмірде сезіле бастады. Сонымен қатар, жасанды интеллект пен цифрландырудың кеңеюі ақпараттық қауіпсіздік, дербес деректерді қорғау және азаматтық құқықтарды сақтау мәселелерін де күн тәртібіне шығарды. Мемлекет үшін бұл жаңа технологиялық мүмкіндіктер мен құқықтық шектеулер арасындағы тепе-теңдікті табу қажеттігін білдіреді. 2025 жылы цифрлық трансформацияны басқару тек технологиялық емес, саяси-құқықтық міндет ретінде қарастырыла бастады. Мұндай үрдіс жасанды интеллектіні енгізу мәселесін ішкі саясаттың стратегиялық элементіне айналдырды.
Осы тұрғыда Орталық Азияда алғаш рет жасанды интеллект пен цифрлық даму саласына жауапты жеке министрліктің институционалдық түрде бекітілуі ерекше мәнге ие. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің жасанды интеллект бағытын жүйелі түрде үйлестіруі Қазақстанның бұл салада аймақтық көшбасшылыққа ұмтылысын айқын көрсетеді. Мемлекеттік деңгейде жауапты органның болуы жасанды интеллектіні реттеуді фрагменттелген бастамалар жиынтығынан орталықтандырылған саясат деңгейіне көтерді. Министрлік әзірлеген жасанды интеллектіні дамытудың 2029 жылға дейінгі жоспары цифрлық мемлекеттің ұзақ мерзімді архитектурасын қалыптастыруға бағытталған. Жоспар кадрлық әлеуетті дамыту, деректер инфрақұрылымын жетілдіру, мемлекеттік секторда жасанды интеллект шешімдерін енгізу және жеке сектормен серіктестікті кеңейту сияқты бағыттарды қамтиды. Мұндай тәсіл цифрлық трансформацияны бір реттік жоба емес, институционалдық эволюция ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.
2025 жыл еліміздің ішкі саясатында мазмұнды өзгерістер алып келді. Жыл күрт өзгерістердің емес, жүйеленудің, тұжырымдамалық бекітудің және институционалдық жетілудің жылы болды. Мемлекет, қоғам және саяси-әкімшілік жүйе арасындағы тепе-теңдікті іздеу процесі тұрақтылық, басқарылу және болжамдылық логикасына негізделді. Сондықтан 2025 жыл Қазақ тарихында ішкі саясаттың жаңа мазмұны қалыптасқан, жасанды интеллект мемлекеттік деңгейде жүйеленген, еңбек құндылықтары қайта бағаланған және президенттік реформалар біртұтас даму моделіне айналған жыл ретінде қалатыны сөзсіз. Бұл кезең елдің алдағы орнықты дамуына берік институционалдық іргетас қалады.
Нұрболат НЫШАНБАЕВ, Todayinfo
«Тұран» университеті Халықаралық қатынастар және дипломатия жоғары мектебінің ассистент-профессоры, PhD Алматы, Қазақстан