Жұмысшы мамандықтары бүгінде тек тұрақты жұмыспен және лайықты еңбекақымен шектелмейді, сонымен қатар өзін-өзі дамыту мен мансаптық өсуге мүмкіндік береді,Бұл туралы Todayinfo ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ақмола облысы жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға және олардың маңыздылығын насихаттауға ерекше көңіл бөлуде. Өңірдегі көптеген кәсіпорындар біліктілікті арттыру, кәсіби дағдыларды дамыту және оқыту бағдарламаларын ұсынуда.
12 ақпанда Көкшетауда полимерлік қаптама өндірісі саласында көшбасшы саналатын «НОВОПЭК» ЖШС-нің жас қызметкерлерімен кездесу өтті. Бұл заманауи өндіріс орны 68 000 шаршы метр аумақты алып жатыр, 1000-нан астам қызметкері бар және жылына 19 000 тоннадан астам өнім шығарады.
Жастарды қолдау және кәсіптік бағдар
Кездесу барысында Ақмола облыстық Жастар ресурстық орталығының басшысы Дастан Ермеков жас мамандарға қолдау көрсету шаралары туралы баяндап берді.
«Жұмысшы мамандықтары – бұл біздің экономикамыздың негізі. Мемлекет жұмысшы жастарды қолдауға ерекше көңіл бөліп, түрлі бағдарламалар мен жобаларды ұсынуда. Біз сіздерді Жастар ресурстық орталығы ұйымдастыратын іс-шараларға белсенді қатысуға шақырамыз және әрдайым ынтымақтастыққа дайынбыз», – деді Дастан Ермеков.
Жас мамандарға ұсынылатын мүмкіндіктер
«НОВОПЭК» кәсіпорны жас мамандарды тартуға және оларды оқытуға мүдделі. Кәсіпорынның HR дамыту бөлімінің басшысы Мөлдір Қайрушеваның айтуынша, компания жаңа қызметкерлерді 1-3 айлық бейімдеу және оқыту жүйесімен қамтамасыз етеді. Оқу кезінде шәкіртақы көлемі 120 000 теңгеден басталады. Сонымен қатар, тегін тұрғын үй мен кешенді тамақтану ұсынылады. Қазіргі таңда кәсіпорын тігін жабдықтарының операторлары, тоқушылар, механиктер, құрал-жабдық операторлары және көмекші жұмысшыларды іздеуде.
IT саласындағы жаңа мүмкіндіктер
Кездесу барысында «Aqmola Hub» өңірлік IT-технопаркінің аймақтық менеджері Диан Айбашпанов қатысушыларға өңірдегі стартап мүмкіндіктері туралы таныстырды.
«Aqmola Hub» IT-хабы 2023 жылдың 27 қыркүйегінде Ақмола облысының Цифрландыру және архивтер басқармасы мен «Smart Aqmola» КММ-мен бірлесіп ашылды. 12 ай ішінде өңірлік экожүйе құрылып, «Astana Hub» тәжірибесіне сүйене отырып, қолдау бағдарламалары іске қосылды. Бүгінде USAID, IT Park Uzbekistan, Unicef, GAMELAB KBTU, Digital Nomads сынды ұйымдармен бірлескен бағдарламалар жүзеге асырылуда», – деп атап өтті Диан Айбашпанов.
Мемлекеттік құрылымдар мен бизнестің өзара әрекеттестігі
Мемлекеттік құрылымдар мен жеке бизнестің серіктестігі жұмысшы мамандықтарын дамыту мен жастарды осы салаға тартудың маңыздылығын көрсетеді. Кездесу барысында өңірлік Ішкі саясат басқармасының басшысы «НОВОПЭК» ЖШС-нің үздік жас қызметкерлерін алғыс хаттармен марапаттады. Бұл шара жастардың жұмысқа деген ынтасын арттырып, олардың кәсіби дамуына ықпал ететіні сөзсіз.