Көкжөтел — ұстамалы жөтелмен көрініс беретін, тыныс алу жүйесін зақымдайтын қауіпті жұқпалы ауруы.
Берілу жолдары: науқаспен тығыз қарым-қатынас болғанда ауа-тамшы жолы арқылы беріледі. Науқас, аурудың белгілері пайда болған күннен бастап және әрі қарай аурудың нағыз өршіген сәтінен 30 күн аралығында сыртқы ортаға жұқпаны таратып, қауіпті болады. Науқаспен қатынаста болған, екпе алмаған адамның жұқпаны жұқтыру мүмкіндігі 90% құрайды. 2 жасқа дейінгі балалар үшін өте қауіпті.
Ағзада қандай өзгерістер болады? Көкжөтел бактериясы тыныс алу жолдарының шырышты қабатын тітіркендіретін арнайы токсин бөледі. Нәтижесінде көкет пен бронхтардың бұлшық еті тарылып (бронхоспазм), ұстамалы жөтел дамиды.
Аурудың белгілері: Жасырын кезеңі 2 күннен 14 күнге дейін созылады (көбінесе 5-7 күн). Әрі қарай дімкәстік, жөтел, мұрыннан су ағу, дене қызуының субфебрильді (38С дейін) көтерілуімен сипатталады. Біртіндеп жөтел күшейіп, 2-ші аптаның соңында жөтелдің ұстамалары басталады. Ұстама кезінде баланың беті көгеріп, мойын тамырлары кеңейіп, көздеріне қан құйылып, тілі аузынан шығып, тілдің жүгені жиі жарақаттанады, сонымен қатар тұншығу дамып, тыныс алу тоқтап қалуы мүмкін. Сырқаттың ауырлығына қарай ұстама тәулігіне 5 тен 50-ге дейін болуы ықтимал.
Асқынулары. Көкжөтелдің ауыр түрі ұзақ уақытқа созылатын оттегінің жеткіліксіздігіне, бас миы және жүрек бұлшықеттерінің қан айналымының бұзылысына алып келуі мүмкін. Көкжөтел пневмониямен және басқа аурулармен асқынуы мүмкін. Сирек жағдайда өте күшті жөтелден туындайтын ауыр асқынулар болады (миға қан құйылу, дабыл жарғағының жарылуы және т.б.).
Көкжөтелдің эпидемиологиялық ахуалы қандай? Жетісу облысы бойынша көкжөтелдің 59 расталған жағдайы тіркелді. Иммундық статустары бойынша сырқаттанушылық вакцинацияланбаған балалар арасында тіркелуде – 96,6% (жасы жетпей (2 айға толмаған) егілмеген – 18,6%, ата-аналардың балаларды вакцинациялаудан бас тартуы-33,9%, медициналық шектеу-40,7%, вакцинация туралы құжаттық растамасы жоқ 3,4%). Бүгінгі күні 18 жасқа дейінгі тұрғындар арасында көкжөтелге қарсы егілуі бойынша ревизия ұйымдастырылып, екпе жұмыстары жүргізілуде (иммундық мәртебесі белгісіз және бұрын екпе алмаған 1553 адам егілді).
«Алдын алу. Көкжөтелдің алдын-алудағы жалғыз тиімді жолы — вакцинация. Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес, көкжөтелге қарсы вакцинация 2, 3, 4, 18 ай және 6 жаста жүргізіледі.
Көкжөтелге қарсы вакцинаны шығарылғанға дейін бұл ауру балалар арасында өлімге әкелуден бірінші орында болды. Ал, вакцина кеңінен қолданыста болған уақыттан бастап (1960 жылдардың басында), көкжөтелден болған балалар өлімі 45 есеге азайған. Сонымен қатар әлемде, бүгінгі күннің өзінде балалар бұл инфекциядан көз жұмуда. Сондықтан вакцинацияны уақытында алған жөн»,— деп атап өтті Жетісу облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Асхат Чарапиев.