Шерзат Болаттың өліміне байланысты Талғар аудандық сотында өтіп жатқан процессте марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов баласын ауруханаға апару жолында орын алған жантүршігерлік сәттерді еске алды, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
«Нұрқанат пен Шерзатты көлікпен апара жатқан кезде көлікті қатты жылдамдықпен айдағандықтан Шерзат орындықтан жылжып, құлап кетті. Тоқтадым. Қарасам, жаны шығып кетіпті. Көлікке алған кезде Шерзатта пульс бар еді. Жолда жылдамдықты асырдым. Тоқтаған кезде пульсі жоқ болып қалды. Өзім реанимация жасадым», – деді ол сотта.
Қаржаубай Нұрымовтың айтуынша, Шерзат жолда өмір мен өлім арасында болған. Ауруханаға жеткен бойда Шерзат пен Нұрқанат бірден реанимация бөліміне кіргізілген.
«Кейін Нұрқанатты қарау палатасына ауыстырды. Ол үш рет пышақталған екен. Басынан ауыр жарақат алып, миы қозғалған. Ал балама (Шерзатқа – ред.) қатысты реаниматологтар кешірім сұрап шықты», – деді Нұрымов.
Сот отырысы барысында Шерзаттың әжесі Жұмабике Қадырова да сөз сөйлеп, сотталушылардың арасынан таныған адамдарын көрсетті. Ол келінімен бірге таксиден түскеннен кейінгі әрекеттерін айтып, айыпталушылармен бірге болған қыздардың әрекеттері туралы да баяндады.