Қазіргі таңда көлік нарығындағы жаһандық ойыншылар замана ырғағына бейімделіп, бизнес модельдері мен логистиканы қайта қарастырып отыр десек, таяу күндері қазақстандық «Астана Моторс» компаниясы мен Кореяның Youngsan автокомпоненттер өндірушісі Алматының Индустриалды аймағында автокөлік орындықтарын шығаратын бірлескен кәсіпорынды іске қосты. Локализацияның, яғни көліктерді сатылымға шығаратын елде оның бөлшектерін жасап-шығарудың бірінші кезеңінде ортақ инвестиция көлемі 4 млрд теңге.
Осылайша «Астана Моторс» жаңа зауытында автокөліктерге арналған орындықтардың жаппай өндірісі басталып, Almaty Autoparts Production компаниясының ашылу салтанатына ҚР Индустрия және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитетінің төрағасы Азамат Панбаев, Youngsan компаниясының төрағасы Пак Чон Бом пен «Астана Моторс» компаниясының негізін қалаған Нұрлан Смағұлов қатысты.
Осыдан бірнеше ай бұрын, 2024 жылдың желтоқсан айында компания орындықтарға арналған көбікті қалып-пішіндердің сынама партиясын шығарып, сертификациядан өтіп, өнімдерді Hyundai жеңіл автокөліктер өндірісіне жеткізу мақсатында Hyundai Motor Company (Корея Республикасы) келісімін алған болатын.
Жаңа кәсіпорынның халықаралық стандарт талаптарына сай, қызметкерлердің біліктілік деңгейі расталған соң, орындықтарды шығарудың технологиялық операцияларды жүзеге асыру мақсатында мемлекетпен келісімге отырған еді.
«Осылайша «Астана Моторс» өндіруші ретінде нарықтағы орнын нығайтып келеді. Біз Мемлекет басшысына, Қазақстан Үкіметі мен Алматы қаласының әкімдігіне өнеркәсіп саласына қолдау көрсеткені үшін ризашылығымызды білдіреміз. Президент ел экономикасын дамытудағы жеке инвесторлардың маңызды рөліне тоқтап, кәсіпорындарға жұмыс орындарын сақтау және өндірісті жаңғырту бойынша көңілге қонымды міндеттемелер жүктелуі тиіс екенін атап өтті. Біз мойнымызға алған аманаттың жауапкершілігін толық сезінеміз. Осы мақсатта сыртқы факторларға тәуелділікті азайту, автокөлік өнеркәсібінде білікті инженерлер буынын дайындау, сонымен бірге шағын және орта бизнесті дамытуға жәрдемдесу үшін автокомпоненттер мен шикізат өңдеудің қомақты үлесін өзімізде шығаруды жолға қойдық. Біз сондай-ақ Youngsan компаниясына бізге артқан сенімі, бөліскен технологиясы және тәжірибесі үшін алғыс айтып, ынтымақтастығымыздың табысты болатынына сенеміз», – деді «Астана Моторс» бас директоры Бекнұр Несіпбаев.
Өз кезегінде, Youngsan компаниясының төрағасы Пак Чон Бом Қазақстан өндірісінің жарқын болашағанына сенім арта келе, «Астана Моторс» компаниясына үлкен мәмілелердің арқасында ынтымақтастық пен дамуға жол ашып бергені үшін алғысын білдірді.
«Біз «Астана Моторс» пен Youngsan арасындағы тығыз байланысқа негізделген бастамаларымыздың нәтижесін көріп отырмыз. Бұл тек алғашқы қадам ғана. Әлемде және ТМД аймағындағы автокөлік өнеркәсібіндегі қарқынды өзгерістерді ескере отырып, осы бағытта үнемі жұмыс істейтін боламыз. Бізге автокөлік саласын дамыту жолында қажетті инфрақұрылым мен басқа да көптеген салалар бойынша Қазақстан үкіметі тарапынан тұрақты қолдау қажет екенін атап өткім келеді. Мен сондай-ақ біздің зауыттағы барлық жас инженерлерді көргеніме қуаныштымын. Бұл инженерлер – Қазақстан өндірісінің болашағы!» – дейді Youngsan төрағасы.
Зауыттың өндірістік қуаты жылына 100 мың орындық жинақтауға жетеді. Өнеркәсіп Hyundai Trans Kazakhstan зауытында ұсақ түйінді өндірісі арқылы Hyundai Tucson моделіне арналған орындықтарды шығаруды бастады. Жақын арада зауыт Hyundai Santa Fe моделіне арналған орындықтарды да шығарады.
Болашақта Almaty Autoparts Production өз өнімдерін жаңа Astana Motors Manufacturing Kazakhstan мультибрендті зауытына, айтқандай, бұл зауыттың ашылуы 2025 жылдың екінші тоқсанына межеленген, сондай-ақ басқа да автокөлік кәсіпорындарына жеткізуді жоспарлап отыр.
Қазіргі таңда «Астана Моторс» Қытай Халық Республикасының Chery Automobile және Great Wall Motor Company (GWM) компанияларымен Astana Motors Manufacturing Kazakhstan зауытында Chery Tiggo 2 Pro, Haval Jolion, Tank 300 модельдерін шығарып жатса, Almaty Autoparts Production автокомпоненттерін пайдалану туралы келісімдерге қол жеткізді.
Орайы келіп тұрғанда Almaty Autoparts Propduction кәсіпорнының мамандары көбікті қалып-пішіндерді өндірудің технологиялық операцияларын меңгергенін атап өту керек. 2026 жылы зауыт жеткізілетін шикізаттан орындық қаптамасын тігу бойынша локализацияның екінші кезеңіне өтеді. Кәсіпорын тігін цехын ашып, оны жабдықтап, кадрларды оқытуға қосымша 720 миллион теңге инвестиция жұмсауды көздеп отыр.
Аумағы 4850 ш.м. құрайтын Almaty Autoparts Production зауытының өндірістік алаңында көбікті полиуретанды (қалып-пішін) бұйымдарын шығаратын автоматтандырылған желі орнатылып, жұмысын бастады. Өндіріс құрал-жабдықтары Корея Республикасынан жеткізілген. Аталған желіде құйғыш робот, конвейер желісі, жылыту қондырғылары бар қалып пішіндер, айналмалы вакуумды крашер орналасқан.
Орындық өндірісінде зауыт Корея Республикасынан әкелінген құрал-жабдықтар, шикізат пен жиынтықтар, көбікті қалып-пішіндерді өндіруге арналған сұйықтық, сонымен қатар салынбалы элементтер, жақтаулар, орындық қаптамалары, пластикалық бөлшектер сияқты компоненттерді пайдаланылады.
Қазір зауытта 65 жұмысшы жұмыс істеп жатыр. Кәсіпорын дамуының екінші кезеңінде орындық қаптау цехы іске қосылған соң Almaty Autoparts Production жұмысшыларының саны 95 адамға дейін өседі. Компания қызметкерлері Youngsan компаниясының тәжірибелі мамандарынан білім алып, кореялық инженерлермен бірге жабдықтарды қондыру және баптау жұмыстарына қатысты.
Сол сияқты «Астана Моторс» Алматының Индустриалды аймағында автокөлік кластерін, атап айтқанда Hyundai Trans Kazakhstan, Astana Motors Manufacturing Kazakhstan зауыттарын, логистикалық хаб пен автокомпоненттер шығаратын технопаркін құрғанын айта кеткен жөн.
«Астана Моторс» өндірісті кеңейту, сонымен бірге автокөліктер мен автокомпоненттерді локализациялауды ұлғайту жұмыстарын жалғастырады. Атап айтқанда, «Астана Моторс» жылыту, желдету және ауаны баптау жүйелерін, бәсеңдеткішті (түтін шығару жүйесі), еден төсеніштерін шығаруды жоспарлап отыр.