Көрші елде алғаш рет бір өңірді интернеттен толық ажырату жоспары жарияланды. Ресейдің Камчатка өлкесі 25 қыркүйектен бастап 29 қыркүйекке дейін толықтай ғаламторсыз қалады, деп хабарлайды Todayinfo.kz Inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.
Ресми себеп ретінде «Ростелеком» компаниясының «Сахалин – Камчатка» суасты байланыс желісін жаңарту жұмыстары көрсетілген. Үкімет өкілдері сервис 48 сағатқа өшіріледі десе де, ауа райы мен теңіз жағдайына байланысты мерзім ұзартылуы мүмкін.
Бұл уақыт аралығында тек негізгі нысандар – банктер, дүкендер, төтенше қызметтер мен мемлекеттік мекемелер ғана спутниктік байланысқа көшеді. Қалған бизнес пен халық ғаламторсыз қалмақ.
Жергілікті билік азық-түлік тапшылығы болмайтынын айтып сендірді. Алайда сарапшылар мұның техникалық себеп емес, саяси шешім болуы мүмкін екенін алға тартты.
Ресейдегі интернет-шектеулер: жағдай ушығып барады
-
2025 жылдың мамырынан бастап Ресейде интернетті жүйелі түрде өшіріп келеді.
-
Мамырда – 69 рет, маусымда – 662 рет, шілдеде – 2099 рет, тамызда – 2129 рет шатдаун тіркелген.
-
1–15 қыркүйек аралығында күн сайын 60-70 аймақта мобильді интернет ажыратылған.
BBC мен The Moscow Times жазғандай, интернетсіз қалған ресейліктер қолма-қол ақшаға қайта оралып, такси шақыра алмай, жұмыс пен жеткізу қызметтерінде қиындық көруде.
«Ақ тізім» және SMS-ке қайта оралу
Ресейдің цифрлық даму министрлігі интернет-шектеу кезеңінде қолжетімді болатын «Ақ тізім» сайттарын бекітті. Онда 57 ресурс бар: банктер, Ozon, Wildberries, Яндекс сервистері, «ВКонтакте», «Одноклассники», Rutube, мемлекеттік органдар сайттары.
Алайда министрлік бұл тізімнің уақытша екенін, апта сайын өзгеретінін ескертті. Яғни кез келген ресурс бір сәтте «қара тізімге» өтуі мүмкін.
Мобильді интернеттің әлсіреуінен ресейліктер қайтадан SMS-хабарламаларға бет бұрды. Мәселен, Пермь өлкесінде тамыз айында 6,5 миллион SMS жіберілген – соңғы жылдардағы рекорд.
Хабарламаның ұзындығы шектеулі болғандықтан, көпшілік кириллица орнына латынша транскрипция қолдана бастаған.
Сарапшылар ескертеді
«На связи» жобасының сарапшылары мұндай шектеулер Ресей билігінің алдын ала дайындалған саяси қадамы екенін айтады. Заң жүзінде интернетті толық өшіру тек төтенше жағдай кезінде рұқсат етілсе де, ресми түрде мұндай режим жарияланған жоқ.
Ал Мемдума депутаттары «цифрлық детокс» бастамасын ұсынып, демалыс күндері Ресейді түгелдей интернеттен ажырату жөнінде бастама көтерген.