Белгілі ақын, қоғам белсендісі Мұхамеджан Тазабек ер азаматтардың ата-ана алдындағы міндеті мен отбасындағы жауапкершілік туралы ой қозғап, жігіттер қауымына үндеу жасады,деп хабарлайды Todayinfo.
Әлеуметтік желідегі жеке парақшасында Тазабек оқырмандарының бірінің пікіріне жауап ретінде жігіттік пен отбасылық міндетті шатастырмауға шақырды. Оның айтуынша, кейбір азаматтар ата-ана алдындағы борышты тек әйелдің мойнына жүктеумен шектеледі.
«Бір інішек маған “әйелім ата-анама қызмет етпесе, менің жігіттігім қайда?” дейді. Мен айттым: шын жігіт болсаң, әйеліңе емес, өзіңе жауапкершілік ал. Ата-анаңа жағдай жаса деген – әйеліңді күң ету емес. Ол — ата-анаңа шипажай ұйымдастыру, кредитін жауып беру, қажылыққа апару», – деп жазды ол.
Мұхамеджан Тазабек өз отбасының тәжірибесін мысал ете отырып, отбасындағы ұлдардың ата-ана алдындағы қамқорлығына тоқталды.
«Біз – үш ұлмыз. Әке-шешемізге қызмет жасауға өзіміз таласамыз. Тойға барса, мен апарайын дейміз. Бурабайға, Умраға жіберейік деп ұсыныс айтамыз. Бұл – нағыз жігіттік», – дейді ақын.
Сондай-ақ, ол ер азаматтарды ата-анасы мен жұбайының арасында жалған намыстан арылып, ақылмен, сабырмен шешім қабылдауға шақырды.
Ақынның бұл жазбасы әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу пікірталас тудырды. Кейбір оқырмандар Мұхамеджан Тазабектің пікірін қолдап, оны ел алдында жүрген азаматтың дұрыс насихаты деп бағаласа, енді бір топ «бар жауапкершілікті ақшаға тіреп қоюға болмайды» деп өз көзқарастарын білдірді.