Астанадағы «Алланың үйіне» ұқсайтын үш күмбезді зәулім коттедждің иесі ретінде өзін табысты кәсіпкер санайтын Нұрлан Лесбекұлы Алжанқұлов мәлімдеме жасағанда, жұрт оған сенімсіздікпен қарады. Оның себебі – үйдің сыртқы көрінісінің мешітке қатты ұқсайтынында. Бұл туралы қоғам белсендісі Ораз Әлімбеков жазды, деп хабарлайды Тodayinfo ақпараттық порталы.
«Мешітке ұқсас үйді көргенде, көпшілік автоматты түрде «мұнда дін адамы тұрады» деген ойға келеді. Сондықтан болар, ҚМДБ (Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы) басшылары «үш күмбезді коттедждің мүфтиятқа еш қатысы жоқ» деген түсінікті күшейтуге тырысты.
Әлеуметтік желіде бұл үйдің видеосын таратқан такси жүргізушісі ұсталып, одан ресми кешірім сұратылғанымен, бұл әрекет те халықтың күдігін сейілте алмады», — дейді ол.
Ол атағандай, күмәннің күшеюіне Қарағанды қаласындағы «әл-Машани» мешіті жанындағы мешіт қасбетіне ұқсас үй себеп болды. Бұл үйдің тарихы да көпшілік назарын аударды.
«2006–2011 жылдар аралығында Қарағанды облысының бас имамы болған Наурызбай Тағанұлы Өтпеновтің тұсында бұл үй облыс әкімдігі тарапынан өңірге келіп-кететін дін қызметкерлеріне арналған үй ретінде салынған. Құжаттар да осыны дәлелдейді. Бірақ бұл үй мешіт қызметкерлерінің игілігіне пайдаланылмады.Наурызбай Өтпенов қызметінен кетер алдында, бұл үйді өзінің қарындасы Гауһар Тағанға «сатқан». Кейіннен қарындасы бұл үйді үшінші тұлғаға қайта сатқан. Осылайша, діни қызметкерлерге арналған үй жекеменшікке өтіп кетті. Қазір Қарағандыда бірнеше имам жалдамалы пәтерде тұрып, үйсіз-күйсіз жүр.Осындай фактілер халық арасында күдік туғызуда. Күмбезді үйлердің діни қызметке арналғанын біле тұра, олардың жекеменшікке айналып кетуі көптеген сұрақ тудырады. Бұл жағдайдан кейін мүфтияттың «еш қатысымыз жоқ» деген мәлімдемесіне сену қиын.