Әлеуметтік желіде елордадағы тұрғын үйлердің бірінде лифт ішінде жасөспірімнің 5 жасар балаға пышақпен шабуыл жасағаны туралы бейнеролик тарап, бұл оқиға жұртшылықтың алаңдаушылығын тудырды. Бала ауыр жарақат алып, қазіргі таңда ауруханада ем қабылдап жатыр, деп хабарлайды Тodayinfo ақпараттық порталы.
Жәбірленушінің анасы болған жағдай туралы БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп, оқиғаның мән-жайын баяндады.
«Есік ашық тұрды. Балам жүгіріп келіп: Мама, мені өлтіргісі келді» деді. Бетінің қаны фонтан болып атқылап тұрды. Мен шок болдым, не істерімді білмей қалдым», — деді анасы.
Анасының айтуынша, 5 жасар баланың сол жақ бетінің қозғалысы бұзылған, құлағының түбіндегі жарақат қауіпті болып тұр.
«Мойнына пышақ сұғуды мақсат еткен. Бірақ шарф пен бас киімнің арқасында мойнына терең зақым келмеген. Дегенмен сол жақ беті ісіп, дұрыс жұмыс істемей тұр», — деді ол.
Жәбірленуші тарап құқық қорғау органдарына арыз түсірген.
«Мен бұл мәселені көтергім келеді. Осындай психикалық ауытқуы бар адамдар неге емін-еркін жүре береді? Заңмен реттеу қажет. Мен терезеден баламды қарап тұрдым, ол ешқашан жалғыз жүрмейтін», — деді анасы.
Құзырлы органдар оқиғаға қатысты тергеу жұмыстарын бастады. Қоғам арасында бұл жағдай психикалық денсаулық мәселелерін қатаң бақылауға алу қажеттігін көрсетіп отыр.