Жұма күні, 24 қазанда Луврдың зергерлік коллекциясының бір бөлігі қатаң қауіпсіздік шараларымен, арнайы конвойдың сүйемелдеуімен Франция банкінің қоймаларына тасымалданды. Бұл туралы француздық RTL радиостанциясы хабарлайды, деп жазады Tengri Life.
Бұл шешім жақында ғана мұражайда болған 88 миллион еуроның зергерлік бұйымдарын ұрлап кеткен ірі тонау оқиғасынан кейін қабылданды.
«Нөлдік тәуекел»: 26 метр тереңдіктегі қойма
RTL ақпараты бойынша, тасымалдау толық құпиялылық пен максималды қауіпсіздік жағдайында өткен. Париж полиция префектурасының моторлы конвойы әлемдегі ең ірі мұражайдың витриналары мен Франция банкінің қоймасын бөліп тұрған 300 метрді жүріп өткен.
Радиостанцияның хабарлауынша, төрт қылмыскерден тұратын топтың керемет тонауынан бес күн өткен соң, мемлекет пен мұражай басшылығы қауіпсіздік жүйесінің кемшіліктері толық анықталғанша «нөлдік тәуекел» нұсқасын таңдаған.
Енді бұл бағалы жәдігерлер Ұлттық банктің бас қоймасында – жер астында 26 метр тереңдікте орналасқан алып бөлмеде сақталады. Дәл осы жерде Францияның алтын қорының 90 пайызы сақтаулы тұр.
Қоймаға не тасымалданды?
Қоймаға нақты қандай коллекциялардың берілгені туралы мәліметтер жария етілмеді. Алайда, RTL дереккөздерінің айтуынша, бұл заттар «тәж кию рәсіміне арналған зергерлік бұйымдар» (коронационные драгоценности) деп аталатын пакетті құрайды. Олар Луврдың Аполлон галереясында және басқа да бөлмелерінде орналасқан.
Айта кетейік, осы қоймаларда бірнеше жылдан бері құны 600 миллион еуродан асатын Леонардо да Винчидің бағалы «Жазба кітапшалары» да сақталып келеді.
4 минуттық тонау және Клунидің әзілі
Еске салсақ, жақында болған тонау кезінде ұрланған сегіз тарихи зергерлік бұйымның жалпы бағасы 88 миллион еуроны құраған.
Бұған дейін Голливуд жұлдызы Джордж Клуни БАҚ «жеті минутта» тонап үлгерді деп хабарлаған Лувр тонаушыларымен «мақтанатынын» айтып, әзілдеген болатын. Алайда, кейінірек Париж полициясы қылмыскерлердің бұл іске небәрі төрт-ақ минут жұмсағанын нақтылады.

