Депутат Ардақ Назаровтың пленарлық отырыста анасына құттықтау жолдауы Парламент қабырғасында бұрыннан қайнап жатқан ішкі қайшылықтың қақпағын ашып жіберді деп хабарлайды Todayinfo агенттігі.
Назаровтың мінберді жеке басының қуанышымен шатастырып алуы бірқатар әріптесінің жынына тиген. Депутаттық корпустағы ықпалды топ Назаровтың әрекеті парламенттік беделге үлкен сын екенін бетпе-бет жеткізу үшін жабық форматтағы кездесу өткізуді жоспарлап отыр.
Олардың пайымынша, парламенттік мінбер әлеуметтік желінің тікелей эфирі емес, мемлекеттің тағдыры шешілетін орын.
Осы мәселеге байланысты Мәжіліс спикері Қошановтың тарапынан да қатаң ұстаным байқалады.
Ertenmedia мәліметінше, Ерлан Жақанұлы орынбасарларына депутаттық мәлімдемелердің тәртібін қатаң қадағалауды, жеке сипаттағы мәлімдемеге мүлде жол бермеуді тапсырған.
Спикер мұндай әрекеттің Мәжілісті халық алдында ұсақтатып, мем.институт ретіндегі салмағын кемітіп, депутаттық корпусқа деген халық сеніміне көлеңке түсіреді деп алаңдайды.
Басылымға пікір білдірген Мәжілістегі дереккөздердің айтуынша Назаровтың мына қылығы соңғы шақырылымдағы депутаттық құрамның ішкі қайшылығын да анық байқатқан.
«Парламенттегі халықтың тарапынан мойындалған тұлғалар пулы келесі науқанға спортшылар мен шоу-бизнес өкілдерін мүлде жолатпау керек деген ұстанымда», — деп жазады Ertenmedia басылымы.
Олардың саяси тәжірибесінің аздығы, этикалық ұстанымының саяздығы парламенттік мәдениетті бұзып, Мәжілісті популизм мінберіне айналдырып жіберген.
Бұл кейстің парламенттік ортаның ішкі тәртібіне өзгеріс әкелуі мүмкін екені байқалады. Назаровтың әрекетінен соң Мәжіліс регламенті мен депутаттардың мінез-құлық кодексіне түзету енгізілуі ықтимал. Мінбердің қадірін кетіретін, халықтың аманатын жеке басының мәселесіне айналдыратын қадамға бұдан былай шектеу қойылады деген сыбыс бар.
Ertenmedia басылымының ақпаратынша, Мәжіліс спикерінің талабы депутаттарды жеке бас пен елдік мәселені шатастырмауға, парламенттік мәдениетті сақтауға міндеттейтін қатаң ескерту болмақ.