Маңғыстауда үлкен дау: Полиция басшылығы «ұйымдасқан қылмыстық топ» құрды деген күдікке ілінді
Маңғыстау облысында құқық қорғау саласы дүр сілкінді. Әлеуметтік желілерде облыстық Полиция департаментінің бастығы Сағындық Аяғанов пен оның орынбасарларына қатысты ауыр айыптаулар жазылған анонимді хат желдей есіп жүр.
Бұл туралы Todayinfo.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Аталған шағымда жоғары шенді офицерлер қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланып, заңсыз әрекеттерге барды делінген.
Хатта нақты не жазылған?
Белгісіз авторлардың жазуынша, департамент басшылығы мемлекеттік сатып алуларды (тендерлерді) қолдан ұйымдастырған. Яғни, тапсырыстарды алдын ала келісілген «өз адамдарына» алып беріп отырған деген болжам бар.
Ең сорақысы, хатта қарапайым қызметкерлерді орындалмаған жұмыстар үшін актілерге күштеп қол қойғызғаны айтылады.
Шағым иелері бұл сұмдықты тексеруді сұрап, тікелей Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Бас прокурорға және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасына жүгінген. Олар құрылыс пен жөндеу жұмыстарына тәуелсіз сараптама жүргізуді және куәлік беретін қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді талап етіп отыр.
Министрлік пен Департаменттің жауабы қандай?
Бұл ақпарат тараған бойда Ішкі істер министрлігі арнайы комиссия құрып, Маңғыстауға шұғыл тексеріс жіберді.
Қызығы сол, Маңғыстау облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл комиссияны департамент бастығының өзі шақыртқанын алға тартады. Олар тағылған айыптардың барлығын жоққа шығарып, мұны «жала» деп бағалады.
«Интернетте көрінеу жалған ақпарат тарату заңға қайшы. Қылмыстық кодекстің 274-бабына сәйкес, бұл үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Жалған қауесет қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіреді», – деп ескертті ведомство өкілдері.
Қазіргі уақытта Астанадан келген комиссия хаттағы әрбір деректің ақ-қарасын анықтап жатыр.

