Марат Жұман, Atasu Group:
«Логистика әлеміне жасанды интеллект пен IT арқылы төңкеіс жасайтын жолды көріп тұрмын»
1998 жылдан бастап қарқынды дамып келе жатқан Atasu Group компаниясы бүгінде Қазақстанның ғана емес, халықаралық нарықтың да логистика саласындағы ірі ойыншыларының біріне айналды. Компания негізін қалаушы және басшысы – Марат Жұман мырза. Ол өзінің кәсіби жолын балалық шағынан бастап шаруаға бейім болуымен және жас кезден түрлі салада еңбек етуімен байланыстырады. Теміржолшы атасының жолын қуып, теміржол мамандығын игеріп, кейіннен логистика саласына енген. Қазір Atasu Group – заманауи талаптарға сай логистикалық шешімдер ұсынатын, цифрландыру мен инновацияға ерекше көңіл бөлетін, әлеуметтік жауапкершілігі жоғары компаниялардың қатарында. Төмендегі сұхбатта біз компанияның даму тарихы, халықаралық ынтымақтастық, пандемия мен геосаяси өзгерістердің әсері, цифрландыру үдерісі және алдағы стратегиялық жоспарлары жөнінде әңгіме өрбіттік. Сонымен қатар, сұхбат барысында Марат Жұман мырзаның табысты кәсіпкер ғана емес, үлгілі әке және болашақ ұрпаққа үлгі болар тұлға ретіндегі көзқарастарымен жақын таныса аласыздар.
Компанияның даму стратегиясы және нарықтағы орны
Atasu Group компаниясының 1998 жылдан бері даму жолы қандай болды? Қандай негізгі жетістіктерге қол жеткіздіңіздер?
– Atasu Group компаниясы ең алғаш шағын қойма жалға алып, халықаралық жүк тасымалымен айналысудан бастады. Мен өзім теміржолшы атамның жолын қуып, осы саланың маманы ретінде жүк тасымалдау ісінде тәжірибе жинадым. 1990 жылдардың аяғында нарықта интернет, телефон сияқты байланыс құралдары әлі дами қоймаған, мүмкіндіктер шектеулі еді. Сол кезде азғантай қаржымен іс бастағанымызға қарамастан, нарықтағы сұранысты дұрыс бағамдау арқасында бірнеше елмен ынтымақтаса бастадық. Қытаймен серіктестігіміз қазір де табысты жалғасып келеді.
Бүгінде компаниямызда 2500-ге жуық қызметкер еңбек етеді, 6500-ден астам вагон, контейнер сияқты тасымал активтеріміз бар. Қытай шекарасында өз терминалдарымыз, логистикалық кешендеріміз бар. Қысқасы, өндіріс пен сервисті қатар жетілдіріп, Қазақстандағы іргелі логистикалық компаниялардың біріне айналдық.
Қазіргі уақытта Atasu Group Қазақстандағы және халықаралық деңгейдегі логистика нарығында қандай орын алады?
– Қазақстанның географиялық тұрғыдан Еуропа мен Азияның ортасында орналасуы – біз үшін өте үлкен мүмкіндік. Осы артықшылықты пайдаланып, Қытай, Корея, Түркия, Иран сынды елдермен тығыз қарым-қатынас орнаттық. Қазір логистика нарығында меншікті активтері бар, Орта Азиядағы ең ірі үш терминалдары, теміржол және автомобиль парктері, маневрлік және магистральдық тепловоздары бар толық кешенді қызмет ұсынатын компания ретінде танылып отырмыз. Контейнер, көлік, теміржол, кеден рәсімдеу, қойма, терминал – барлығын біріздендіріп, клиентке «толық сервисті» ұсынуға тырысамыз. Осылайша, нарықтың маңызды сегменттерін қамтып, халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілікті арттырып келеміз.
Пандемия және геосаяси өзгерістердің әсері
Пандемия кезеңінде логистика саласы басқа салаларға қарағанда өсім көрсетті деп айттыңыз. Бұл өсімнің негізгі факторлары қандай болды?
– Логистика ешқашан тоқтамайтын сала. Пандемия кезінде электронды коммерция қарқын алды, халық онлайн саудаға көшті. Тауар айналымын қалыпты ұстап тұру үшін жеткізу қызметіне сұраныс өсті. Біздің компания 2014 жылдан бастап цифрландыруды қолға алған еді, соның арқасында сыртқы және ішкі тасымалдау процестерін жедел реттеп отырдық. Басты назарды клиентке сапалы сервис ұсынуға аудардық. Мәселен, вагон, контейнер тапшылығы туындамас үшін алдын ала шаралар жасап, жеткізілім тізбегінде үзіліс болмауына баса көңіл бөлдік. Бұл – біздің нарықтағы позициямызды күшейте түсті.
Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс Орталық Азиядағы жүк тасымалы нарығына қалай әсер етті? Atasu Group осы өзгерістерге қалай бейімделді?
– Соғыс – әрдайым экономикалық тәуекелдер мен әлеуметтік қиындықтар әкелетін құбылыс. Дегенмен, нақты логистика саласында біздің өңірге жаңа мүмкіндіктер туындады. Ресейге салынған санкциялар кесірінен көптеген шетелдік компаниялар балама бағыттарды іздей бастады, соның бірі – Қазақстан. Біз Ақтау порты арқылы Еуропа мен Қытайды байланыстыру жұмыстарымызды жандандырдық. Қытай тарапы да Еуропаға шығын аз жұмсайтын қауіпсіз жол іздеп, біздің бағытқа қызығушылық танытып отыр. Оның үстіне, үкіметтің теміржолды субсидиялау жүйесі жол тасымалын арзандатып, бизнесті одан сайын ынталандырды. Дегенмен Украина бағытындағы кейбір жобаларымыз тоқтап қалды, сондықтан балама бағдарларды көптеп іздеуге көштік. Жаңа серіктестіктер, өзге нарықтармен байланыс – біз үшін қазірдің өзінде нәтижелі болуда.
Халықаралық ынтымақтастық және жаңа бағыттар
Atasu Group Қытай және Оңтүстік Корея сияқты елдерде өкілдіктерін ашты. Халықаралық нарықта қандай жаңа бағыттарды игеруді жоспарлап отырсыздар?
– Қытай – әлемдік сауданың көшбасшысы, сондықтан бұл нарықтағы байланыстарды бекітіп, терминал, қойма инфрақұрылымын кеңейтудеміз. Оңтүстік Корея және Жапониямен де жүк тасымалы саласында тәжірибеміз бар. Алдағы уақытта Еуропа елдерімен әріптестікті одан әрі дамытып, Солтүстік Америка нарығымен де жұмыс істеуді көздейміз. Біздің мақсат – клиентке барынша тиімді бағыт пен сервисті ұсыну, сол үшін инвестиция тартып, жаңа логистикалық хабтар ашу жоспары бар.
Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасымалының көлемі соңғы жылдары айтарлықтай өсті. Atasu Group осы бағыттағы қызметін қалай дамытып жатыр?
– Қытаймен арадағы тауар айналымы жылдан-жылға артып келеді. Біз шекарадағы терминалдардың санын көбейтуді және олардың қуаттылығын арттыруды басты орынға қойдық. Құрамында қойма, кедендік ресімдеу бөлімдері, заманауи техникасы бар логистикалық кешендерді іске қосып жатырмыз. Біздің мамандарымыз тәулік бойы жұмыс істеп, жүк тасымалдау барысындағы барлық кедергілерді жедел шешеді. Жалпы, Қытай бағыты – компанияның ең ірі кіріс көзінің бірі, сондықтан бұл бағыттағы жұмысты үздіксіз жетілдіре береміз.
Инновациялар және цифрландыру
Пандемия кезеңінде цифрландыру процесін жеделдеттіңіздер деп айттыңыз. Atasu Group-та қандай цифрлық шешімдер енгізілді және олардың тиімділігі қандай?
– Біз 2014 жылдан бастап логистикалық процестерді автоматтандыруға кірістік. Тапсырыс қабылдау, жүкті бақылау, клиенттермен кері байланыс, есеп айырысу – бәрі электронды форматқа ауыстырылды. Мобильді қосымшалар мен веб-платформалар арқылы клиенттер нақты уақыт режимінде жүктің қайда екенін көре алады. Пандемия бұл жұмыстың өзектілігін арттырды. Нәтижесінде құжат айналымын азайттық, қызмет көрсету уақыты қысқарды, адам ресурсын тиімді пайдалануға қол жеткіздік. Алдағы уақытта жасанды интеллект, Big Data талдау құралдарын логистикаға қосу жоспарымыз бар.
Логистика саласындағы жаңа технологиялар мен инновациялар туралы көзқарасыңыз қандай? Atasu Group осы бағытта қандай жобаларды жүзеге асыруда?
– Ғарыштық байланыс, дрондар арқылы жеткізу, вакуумды туннельдермен тасымалдау – бәрі жақын болашақтың игілігіне айналуы мүмкін. Біз бұл үрдістерді жіті бақылап отырмыз. Қазірдің өзінде қойма шаруашылығында роботтандыру элементтерін енгізу, деректерді талдауда жасанды интеллектті қолдануға әзірлік жүріп жатыр. Жеке өз басым логистика саласы ешқашан жойылмайды деп есептеймін. Оның тек түрленуі мен жаңа технологиялармен интеграциясы күшейеді. Мен жасанды интеллект және IT шешімдер арқылы логистика әлеміне технологиялық төңкеіс жасайтын жолды көріп тұрмын. Біз дұрыс бағытта келе жатырмыз деп есептеймін.
Әлеуметтік жауапкершілік және болашақ жоспарлар
Atasu Group әлеуметтік жауапкершілік аясында креативті индустрия мен туризмді қолдауға инвестиция салды. Бұл бастамалардың мақсаты мен нәтижелері қандай?
– Мен өзім талай елдерде болдым. Сонда байқағаным – туризм елдің экономикасын дамытуға ғана емес, ұлттық құндылықтарды танытуға, жастарды еңбекке баулуға да ықпал етеді. Пандемия кезеңінде туризммен айналысу идеясы келді. Талғар жақта демалыс орталығын ашып, дәмхана, қонақүй, монша сияқты қызмет түрлерін ұсынып отырмыз. Екінші кешенді Көкшетау өңірінен ашамыз. Негізгі мақсат – ішкі туризмді дамыту, жергілікті тұрғындарға жұмыс беру, ұлттық тағамдарымызды, салт-дәстүрімізді көрсету. Бұдан бөлек, қайырымдылық қорымыз арқылы жылына 500-700 млн теңгеге дейін қаржы бөліп, мектеп салуға, ұлттық спорт түрлерін қолдауға үлес қосып келеміз.
Алдағы 5-10 жылда Atasu Group қандай стратегиялық мақсаттарды көздейді? Компанияның даму жоспары қандай?
– Біз логистика саласында цифрландыруды толық аяқтап, жасанды интеллекті енгізуді мақсат етіп отырмыз. Жаңа хабтар ашып, порттар мен теміржол терминалдарының санын арттырамыз. Келешекте «қазақтың Амазоны» іспетті жүйені дамытып, тауарды кез келген нүктеден қабылдап, тұтынушыға еш кедергісіз жеткізетін көпфункционалды платформаны қалыптастыруды көздеп отырмыз. Біздің ұстаным – тек бір компания болып қалмай, экономикаға қызмет ететін жүйелі экожүйе түзу. Сондай-ақ жеке азамат, бала тәрбиелеп отырған әке ретінде балаларымның да осы салаға қызығушылығын арттыру, өз тәжірибемді болашақ ұрпаққа жеткізу – мен үшін маңызды миссия.
Бала кезіңіз бен жастық дәуіріңіз туралы айтып берсеңіз…
Мен Ұлытау облысының Атасу ауылында дүниеге келдім. Балалық шағым сол жерде өтті. Қарапайым өмір сүрсек те, отбасым мен достарымның махаббатына бөленіп өстім. Балалық шағым ойындарға және жылы естеліктерге толы болды.
Ағаларым қалаға оқуға кеткен кезде, үй шаруасын толықтай өз мойныма алуға тура келді. Сиыр, қой, тауық сияқты малды күтіп-баптау мені тәртіпке және жауапкершілікке үйретті. Әр күн сынаққа толы болды, бірақ сол кезде мен жауапкершіліктің табысқа жетудің басты кілті екенін түсіндім.
Кәсіпкерлікке деген алғашқы қадамдарым жасөспірім шағымда басталды. Қойлардың санын 20-дан 60-қа дейін көбейтуге шешім қабылдап, үш жыл ішінде бұл мақсатқа жеттім. Алайда қора мен мал ұстауға арналған жердің шағындығы әрі қарай көбейтуге мүмкіндік бермеді. Сондықтан мал санын осы деңгейде ұстауға тура келді.
Мен үйдің кенжесі болғандықтан, қазақ дәстүрі бойынша ата-анаммен бірге ауылда тұруды жоспарладым. Мектепті бітіргеннен кейін Целиноград ауыл шаруашылығы институтына оқуға түстім. Бірақ ауылға демалысқа келгенімде, біздің ауылдың құлдырап кеткенін көрдім. Кеңес Одағының ыдырауынан кейін елде хаос орын алды. Қала мен ауыл тұрғындары қалай өмір сүру керектігін білмей, кәсіпорындар жаппай жабылып жатты. Ауылдық жерлердегі жер халыққа беріліп жатқанымен, нарықтық механизмдерді білмегендіктен, ауыл шаруашылығын жүргізе алмады. Қылмыс өрши түсті.
Осы жағдайды саралай келе, мен ауыл шаруашылығы институтынан Алматы теміржол инженерлері институтына ауысуға шешім қабылдадым.
Бұл шешімге екі себеп болды. Біріншіден, сол кезде теміржол көлігі тұрақты жұмыс істеп тұрған салалардың бірі болды. Екіншіден, бұл менің атамның аманаты еді. 30-шы жылдары аштық кезінде атам біздің әулеттен тірі қалған жалғыз адам болды. Оның барлық жақындары, соның ішінде әйелі мен екі баласы, аштықтан қайтыс болды. Атам Ақмолаға дейін жаяу барып, теміржолда жұмыс істеп, аман қалды. Кейін Жезқазған теміржол құрылысында еңбек етті.
Соғыс кезінде оны әскерге алмады, себебі теміржолшыларда бронь болды. Сол жылдары теміржолшылар күндіз-түні жұмыс істеп, майданды қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етті. Атамның осы еңбегінің арқасында ол әулетімізді жалғастырып, алты баланы өмірге әкелді.
Теміржол саласы біздің отбасымыздың тарихында маңызды орын алғандықтан, мен бұл аманатты орындауға бел будым.
Теміржол институтында оқу оңай болған жоқ. 90-шы жылдары ақша жетіспеді. Ата-анамнан ақша сұрауға ұялатынмын, өйткені олардың өздері де әрең күн көретін. Сондықтан мен Алматы-2 станциясындағы билет кассасында түнгі күзетші болып жұмыс істедім. Кейін вокзалдың жүк бөлімінде жүк тасушы болып қосымша жұмыс істедім.
Жүк тасушы болып жұмыс істегенде, жүк жөнелту процесін бақыладым. Сол кезде кәсіпкерлердің өз жүктерін жіберуге көп уақыт пен күш жұмсайтынын байқадым. Бұл идея маған кәсіпкерлерге осы процестерді ұйымдастыруда көмектесу туралы ой салды.
1998 жылы мен «Атасу» компаниясын тіркедім. Ағамның кеңесімен жүктерді теміржол вагондарымен және контейнерлермен тасымалдауға баса назар аудардым. Ол шағын кәсіпкерлерге емес, ірі бизнесмендерге қызмет көрсетуді ұсынды, себебі олардың да логистикада көптеген мәселелері бар еді.
Бизнесімді кішкентайдан бастадым: визиткалар таратып, алғашқы тапсырыстарды орындадым. Алғашында компанияда тек мен және бухгалтер ғана жұмыс істедік. Әр тапсырысты мұқият орындап, логистика бизнесінің негіздерін үйрене бастадым.
Күн сайын сенімділігім артып, бизнесім де дами түсті. Біртіндеп жаңа адамдарды жұмысқа тартып, оларды логистикаға үйреттім. Кейін «Синотранс» атты қытай компаниясымен әріптестік орнату жаңа мүмкіндіктер ашты. Осыдан кейін Қытай мен Кореяға жиі барып, басқа компаниялармен байланыс орнаттым.
Бүгінде «Атасу Групп» Орталық Азиядағы логистика нарығының көшбасшыларының бірі. Біз вагондар мен жүк көліктерін сатып алып, терминалдар салып, инфрақұрылымды дамыттық.
Кәсіби командама шексіз алғысымды білдіремін. Компанияның барлық жетістіктері – олардың еңбегі мен адалдығының нәтижесі. Өз қызметкерлеріме әрдайым ризашылығымды білдіремін.
Сұхбаттасқан:
Мейіржан Әуелханұлы, журналист