Ана тілінің жанашыры, қазақ ұлтына деген құрметін үнемі айтып жүретін белгілі қоғам қайраткері Асылы Осман алматылық оқушылармен кездесу өткізді. Қазақ тілінің мәртебесі мен биіктігін айтудан жалықпайтын ғалым Асылы Осман Алматы қаласы Алатау ауданы №205 жалпы білім беретін мектепке арнайы келді, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
Асылы Әлиқызы оқушылармен өзінің өмір жолындағы қажырлы тәжірибесімен бөлісіп, болашақта мықты азамат болуларына бастау болған рухани әңгімелерін, келелі кеңестерін берді.
Ол ұстаздарға ұлтқа қызмет етуде ерінбей еңбектену керектігін айтты. Көркем сөздің майын тамызып сөйлейтін ұлт қайраткеріне оқушылар да құрмет көрсетіп, Асылы Османға арнап шығарған өлеңдерін оқыды.
«Қазақтың жанының тазалығына, қанының тазалығына ризамын. Жеті атасын жетік білген елім аман болсын. Қазақ халқындай жүрегі кең, дархан ұлт жоқ деп ойлаймын. Бір құрты болса бөліп жедік, қиналғанда құшағына алып, бауырына басты. Әрбір Қазақстанда тұратын басқа ұлт өкілінің қазақ тілін білуі — қазақ халқына деген құрметі деп білемін. Ендеше, біз қазақ тілінде сөйлеуге міндеттіміз», — деді Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асылы Осман.
Кездесу соңында мектеп директоры Гүлнара Арыстанқызы филология ғылымының докторы, профессор Асылы Османға арнайы шапан жауып, құрмет көрсетті. Рухани әңгіме, келелі кеңеске толы кездесуде ақын, сазгер, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі Қамнұр Тәлімұлы өзінің дара тұлғасымен ерекшеленіп, ойларын ортаға салды.