Қырғыз азаматы бір машина сөмкені алматылық оқушыларға тарту ете салды, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
2024-2025 оқу жылында мұқтаж отбасыларды қолдау мақсатындағы «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы республикамыздың барлық дерлік аймақтарында 1 тамыздан 31 қыркүйекке дейінгі аралықта ұйымдастырылуда. «Мектепке жол» акциясы Алматы қаласы Алатау ауданы №205 жалпы білім беретін мектебінде қарқынды жүргізілуде.
Мақсаты, әлеуметтік жағынан қорғалмаған отбасы балаларына көмек көрсету,әлеуметтік жағдайын анықтау арқылы сол балалардың мектепке дайындығын бақылау және материалдық, қаржылай көмек көрсету.
«Мектебімізде 150-ге жуық аз қамтылған, көп балалы отбасынан шыққан оқушылар білім алады. Балаларды жаңа оқу жылына дайындауға кез келген адам көмектесе алады. Осылайша, әлеуметтік себептермен балалардың мектепке бармауының алдын аламыз. Қиын өмірлік жағдайға тап болған барлық бала көмек ала алады. Өз кезегінде бей-жай қарамайтын азаматтар, кәсіпкерлер, меценаттар акцияға қосылып, мұқтаж жандарға қол ұшын созуда», — деді мектептің әлеуметтік педагогы Назкен Төкебай.
2024-2025 оқу жылын ұйымдастыруда көмекке мұқтаж балаларды барынша қамту мақсатында және тұрақты негізде «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы бойынша жалпыға бірдей білім беру қорынан 4,125 мың теңге бөлініп, 75 оқушыға соның ішінде (Атаулы әлеуметтік көмек алатын 52 оқушы, 8 жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған, 15 аз қамтылған оқушыға) мектеп формасы, спорттық аяқ киім, кеңсе тауарларымен көмек көрсетілді. Сонымен қатар демеуші есебінен 100 оқушыға мектеп формасы, аяқ киім, кеңсе тауарларымен көмек көрсетілді.
«Құрметті отандастар, сіздерді биылғы 2024-2025 оқу жылының бастауымен барлықтарыңызды құттықтаймын. Жылда мемлекетіміздің қолдауымен өткізілетін, “Мектепке жол” қайырымдылық акциясында біздің мектебіміз алдыңғы қатарлы мектептердің қатарында деп ойлаймын. Себебі, біздің ата-аналарымыз өте белсенді, сонымен қатар мектебіміздің мұғалімдері де белсенді. Біздің мектебімізде оқитын көпбалалы, аз қамтылған отбасынан шыққан оқушылармызға қырғызстандық Култуев Токтабек Ашимович, Бердибекова Сюита Абдылдабековна, мектебіміздің қамқоршысы Муксинова Василина Викторовна сынды азаматтар көмектесті, демеушілерімізге алғысымыз шексіз. Себебі, кез келген адамның қолынан бұндай қайырымдылық келе береді деп ойламаймын. Өз атымнан жеке, мектеп басшысы ретінде және менің үлкен ұжымым ұстаздардың атынан ол кісілерге алғысымызды білдіреміз. Үкіметкеде үлкен алғысымызды білдіргіміз келеді, үкіметіміз осындай отбасыларды қолдау мақсатында әр балаға, көпбалалы отбасынан шыққан, аз қамтылған отбасынан шыққан әр балаға 55 мыңнан қаржы бөлді. Ата-аналар қуанып, балаларын киіндірді. Бұл көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға үлкен көмек деп ойлаймын. Еңбектеріңіз жансын. Тек қана ұстаздар шәкірттеріңіз сіздерді әр уақытта құрметтеп жүрсін. Мектепке жол мейірімділіктің бастауы», — деді Алматы қаласы Алатау ауданы №205 мектептің директоры Гүлнара Даулетова.
Акция барысында ерікті ата-аналар мен мектеп ұстаздары демеушілік көрсетіп балалардың мектепке дайындығына себепкер болды. Қырғызстандық кәсіпкер Барахолка базарында суда істейді. Акцияны естіген Тоқтабек Култуев жүк көлігі толы мектеп сөмкесін мектепке тарту етті. Қайырымдылық ісіне қол созғандардың арасында Сюита Бердибекова сынды өзгеде азаматтар ондаған мектеп формасы мен спорттық аяқ-киімдерді оқушыларға сыйға тартты.
«Көп балалы анамын, балаларым осы мектепте білім алуда. Мектепке жол акциясы аясында екі баламның оқуға жинақталуына барынша көмек алдым, кеңсе заттары мен мектеп формасы берілді. Біз сияқты ата аналарға қол ұшын созып, демеулік танытқан азаматтарға, мектеп ұжымына алғыс айтамын», -деді Лаура Бектасова.