Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевті қабылдап, өңірдің негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері мен Алматы агломерациясын дамыту жоспары жөнінде есеп тыңдады, деп хабарлайды Todayinfo.
Әкімнің мәліметінше, соңғы үш жылда облыстың жалпы өңірлік өнімі 1,8 есе өсіп, 3,4 триллион теңгеден 6 триллион теңгеге жеткен. Биылғы қаңтар–қазан айлары аралығындағы қысқа мерзімді экономикалық индикатор 109,7 пайызды құрады.
Сұлтанғазиевтің айтуынша, халықаралық компаниялардың қатысуымен тағам өнеркәсібі, логистика және металлургия салаларында жалпы құны 470 миллиард теңгеден асатын 13 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Ұсынылған дерекке сәйкес, биылғы тоғыз айда өңдеу өнеркәсібінің экспорты 28,5 пайыз өсіп, 618,5 миллион долларға жеткен. Экспорттың 90 пайызы – жоғары деңгейде қайта өңделген өнім.
Алматы облысы ауыл шаруашылығына арналған мемлекеттік субсидияларды тиімді пайдаланатын өңірлердің бірі саналады. Бір теңге субсидияға 17 теңгеге дейін ауыл шаруашылығы өнімі өндіріледі. Сонымен қатар тауарлы сүт фермаларының саны 11-ге дейін артқан.
Әкім өңірдің әлеуметтік дамуы туралы да ақпарат берді. Биыл он айда шамамен 950 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Үш ауысымды мектептер саны 52-ден 28-ге дейін қысқарды.
Кездесуде Қапшағай су қоймасы мен ұлттық табиғи парктер маңындағы туризм кластерін дамыту қарқыны таныстырылды. Облысқа келген туристер саны 2,2 миллион адамға жетіп, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 36 пайызға жоғарылаған.
Мемлекет басшысы облыс әкіміне өңірдің өнеркәсіп және аграрлық әлеуетін күшейту, логистика мен туризм салаларын дамыту, сондай-ақ халықты толғандыратын өзекті мәселелерді кешенді түрде шешу жөнінде нақты тапсырмалар берді.

