Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев мемлекетіміздің айбынды мерекесі 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнімен құттықтады, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
«Әрбір Тәуелсіз мемлекеттің ең басты мақсаты – ел тыныштығын қорғау, мемлекет тұтастығын сақтау. Сондықтан да бұл күн – Отанды қадірлейтін, оның тарихын құрметтейтін, айбынды әскеріміздің атағын асқақтатқан, мемлекетіміздің қуатын айғақтайтын күн.
Күні кеше, яғни 5 мамырда Ақордада мемлекеттік наградалар, жоғары әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер тапсыру рәсіміне қатысқан Мемлекет басшысы – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, ел қауіпсіздігі мен шекарасын қас қақпай күзету, заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету – жауапты әрі қастерлі міндет.
Мұны тек кәсіби деңгейі жоғары, ант пен борышқа адал, ел үшін аянып қалмайтын батыл жандар ғана атқара алады»,- деді әкім.
Ол әскерилер, құтқарушылар мен күштік құрылым қызметкерлері өскелең ұрпақ пен барша халқымыз үшін Отанға адал қызмет етудің үлгісі болуға тиіс деп атап өтті.
«Қазақстанымыздың шекарасының берік, халқының бейбіт болуында өз міндетін әуе кеңістігінде, құрлықта, теңізде, шекарада адалдықпен атқарып жүрген айбыны асқақ әскерилерге, азаматтық борышын өтеп жүрген сарбаздарға алғысымды білдіремін!
Егемен еліміздің мұрат-мүддесі жолындағы елдік істеріңізге сәттілік, өздеріңізге мықты денсаулық, отбасыларыңызға құт-береке, амандық тілеймін!
Тәуелсіздігіміздің тұғыры нық, ғұмыры мәңгі болсын!»,-деді әкім.