Түркістан облысында түрлі бағыттағы мемлекеттік қолдауды тиімді пайдаланып, кәсібін дөңгелетіп жатқандардың саны күннен күнге артуда. Соның ішінде кентаулық ана, тігінші Динара Есіркепова – осындай кәсіпкерлердің жарқын мысалы. Ол өз ісін мемлекеттік қолдаудың арқасында жолға қойып, бүгінде үлкен жетістіктерге қол жеткізіп отыр, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпараттық агенттігі.
Динара Есіркепова қыз жасауын тігу ісімен танымал. Бұдан бөлек ол түрлі оюлы сәукелелер мен сәнді тойбастарларға және заманауи көрпе-жастықтарға да тапсырыс алып, тұтынушыларының сеніміне ие болып отыр. Оның ісмер қолынан шыққан дүниелерге деген қызығушылық артып, тапсырыс көлемі жыл өткен сайын өсіп келеді.
Динара Жанғалиқызы 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаға қатысып, жаңа бизнес идеяларын жүзеге асыру мақсатында 1 миллион 380 мың теңге көлемінде мемлекеттік қайтарымсыз грант ұтып алды. Осы қаражатқа қажетті тігін машинасы мен өзге де құрал-жабдықтарды сатып алып, кәсібін одан әрі кеңейтуге мүмкіндік алды. Бұл – мемлекеттік бағдарламалардың шағын кәсіпкерлер үшін қаншалықты маңызды әрі пайдалы екенін көрсететін нақты мысал, деп хабарлайды Кентау қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі өз хабарламасында.
Динараның негізгі мамандығы – бастауыш сынып мұғалімі. Алайда, оның жаны тігіншілікке жақын болғандықтан осы саланы дамытуға бел буыпты. Ол отбасы бесігін тербетумен қатар арнайы курстарға қатысып, білімін жетілдіріп, кәсіби тігінші атанған. Бұл қадам оған өз ісін дөңгелетуге мүмкіндік беріп қана қоймай, сонымен қатар, өзі сүйетін іспен айналысуға жол ашты. Өзі айтқандай, шығармашылық жұмыс оған шабыт пен қуаныш сыйлайды. Себебі Динараның жеке өмірі де кәсіпкерлік жолындағы жетістіктерімен үйлесімді дамып келеді.
«Ол – үлгілі келін, қамқор ана. Отбасында төрт ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Бұл жауапты міндетпен бірге ол өзінің тігіншілік кәсібін тастамай, керісінше, оны одан әрі дамытуға үлкен күш салып келеді. Ананың еңбексүйгіштігі мен табандылығы қазіргі қоғамдағы көптеген кәсіпкерлерге үлгі»,- дейді кәсіпкердің тұрақты тұтынушысы Әлима Исатаева.
Динара Есіркепова өз кәсібі туралы былай дейді:
«Тігіншілікпен айналысу мен үшін тек табыс көзі емес, бұл – өзімнің сүйікті ісім, өнерім. Әр ою мен орамалға жанымды салып, ұлттық нақышты сақтай отырып, заманауи үлгілерді де қосуға тырысамын. 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба арқылы қайтарымсыз грант ұтып алуым – үлкен мүмкіндік болды. Бұл қаражат жаңа деңгейге шығуыма көмектесті, қажетті тігін машиналарын, құралдарды алып, жұмысымды оңтайландырдым. Мемлекеттік қолдау болмаса, осындай ірі қадамдарға бару қиын болар еді. Әрине, еңбек пен табандылық керек, бірақ мұндай қолдау өзіңе деген сенімділікті арттырады. Кәсібіме деген сұраныс көбейген сайын, бұл істі одан әрі дамытқым келеді. Көмекшілерді алып, үлкен көлемде тапсырыстар қабылдау ойымда бар. Әрбір қолөнершіге осындай мүмкіндіктердің бар екенін білсе, талай адам өз ісін бастар еді деп ойлаймын»,-деді.
Динараның кәсібіне сұраныс жылдан жылға артып келеді. Оның жасаған бұйымдары тек жергілікті жерге ғана емес облыс аумағындағы басқа да аудан-қалаға кеңінен танымал. Көптеген адамдар үшін қолмен тігілген ұлттық нақыштағы бұйымдар ерекше құндылыққа ие. Бұл халықтың ұлттық мәдениет пен дәстүрлерге деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді.
«Ұлттық қолөнердің негізі – ою-өрнектің үйлесімділігімен қатар мән-мағынасында да жатыр. Қыз баласының барған жерінде тастай батып, судай сіңуі, әулетінің тамырын тереңдетіп ұрпағын өрбітуі, сыйлы келін, ақылды ана атануына шын тілектестік пен жақсы ниет салт-дәстүрімізбен берік ұштасып жатыр. Қыз жасауынада да осы ұғымдар ою-өрнекпен астарлап беріледі. «Көк шөптей көгеріп, қызғалдақтай құлпырып, жапырақтай ұрпағы көбейсін» деп ата-бабамыз құрақтың құралу сырына терең мән беріп келді. Қазір қуанатыным. Салт-дәстүр, әдет-ғұрпымыз қайта жаңғырып, қолөнердегі осы бір тұстарға кеңінен мән берілуде. Динараның да қолөнер бұйымдарында осы бір дәстүрдің өшпес іздері жаңғырып тұр. Ерекшелігі де сонда»,-деді төлебилік Ханзада Әмірқұлова есімді әже.
Динара Есіркепова алдағы уақытта кәсібін одан әрі кеңейтуді жоспарлап отыр. Ол тек тігін машинасымен шектелмей, жанына көмекшілер алып, үлкен өндіріс ашуды көздейді. Бұл жоспарлар оның кәсіпкерлікке деген құштарлығын айқын көрсетеді. Шағын кәсіпкерлік бастамаларын дамытуға арналған жобаларды да мемлекет қолдауымен іске асыруға ниетті.
«Динара сияқты жандардың жетістігі елімізде кәсіпкерлік мәдениеттің артып келе жатқанын көрсетеді. Шағын кәсіптің үлкен табыстарға жеткізу мүмкіндігі бар екенін Динараның мысалы айқын дәлелдейді. Бүгінде ол бір өзі ғана емес, отбасын да осы кәсіптің айналасында жинақтап, бірге дамып келеді. Бұл ынтымақ, отбасының бірлігі және әйелдердің қоғамдағы рөлін нығайтудың жарқын көрінісі»,-дейді Тәттігүл Тоқбергенова.
Жас ана Мөлдір Берікқызы да қолөнер ісін дамытуда мақсат етіп отырғанын жеткізді.
«Кәсіпкер болу – тек ақша табудың жолы емес, сонымен қатар, жеке жауапкершілік пен шығармашылықтың көрінісі. Динара Есіркепова секілді кәсіпкерлер мемлекеттің болашақ экономикалық дамуына үлес қосып, жаңа жұмыс орындарын құру арқылы қоғамға пайдалы іс атқарып келеді. Бұл әйелдерге арналған гранттар мен бағдарламалардың тиімділігін көрсетеді. Бұл бастама мені де қатты қызықтырып отыр. Алдағы уақытта атақты қолөнершіден ілім алып, кәсіпті дамытуды мақсаты етіп отырмын»,-деді ол.